Жасыл технология, цифрландыру: Қазақстан мен Люксембург екіжақты келіссөз жүргізді

Бүгін, 12:42
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views54
Жасыл технология, цифрландыру: Қазақстан мен Люксембург екіжақты келіссөз жүргізді
Фото: ҚР СІМ

Люксембург Ұлы Герцогтігіне жұмыс сапары аясында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Люксембург Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің Бас хатшысы Жан Олинжемен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылап, саяси диалогты дамытуға, сондай-ақ экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Люксембург Премьер-министрі Люк Фриденнің биылғы 23 қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясындағы кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықты іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Арман Исетов бұл кездесудің екіжақты қатынасқа жаңа серпін бергенін және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік ашқанын атап өтті.

Министрдің орынбасары Қазақстан мен Еуропалық одақтың Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанына 10 жыл толғанын ескере отырып, Люксембургті Еуроодақтағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді.

Екі ел арасындағы өзара іс-қимыл әлеуеті жасыл технологиялар, цифрландыру, жаңартылатын энергия, фармацевтика және ауыл шаруашылығы сияқты бағыттарды қамтиды.

Өз кезегінде Жан Олинже Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты нығайтудағы күш-жігерін жоғары бағалап, Люксембургтің елімізді Орталық Азиядағы сенімді серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті. Ол ЕО мен халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға, сондай-ақ экономикалық және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты одан әрі дамытуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға және екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы байланыстарды нығайтуға өзара мүдделілік бар екенін растады.

Айта кетсек, билғы қаңтар-тамыз айларында негізінен Люксембургтен импорт есебінен екі ел арасындағы тауар айналымы 13,6 млн АҚШ долларын құрады. Ал 2024 жылы тауар айналымы 19,54 млн доллар болған (экспорт – 36,5 мың, импорт – 19,5 млн). Былтыр Люксембургтен Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 520,5 млн долларды, ал 2023 жылы 424,5 млн долларды құраған. 2005 жылдан 2025 жылдың екінші тоқсанына дейінгі кезеңде инвестициялардың жалпы көлемі 3,5 млрд долларға жетті. Қазақстанда люксембургтік капиталдың қатысуымен 178 кәсіпорын жұмыс істейді.