Қазақстанда астық тасымалдау көлемі 40 пайызға артты

2025 жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда астық жүктерін тасымалдау көлемі 9,5 млн тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артық (2024 жылы – 6,8 млн тонна), деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Жалпы көлемнің 7,3 млн тоннасы экспортқа жөнелтілді (+43%), ал 2,2 млн тоннасы ішкі бағыттар бойынша тасымалданды (+33%). Барлық негізгі бағыттарда тұрақты оң динамика байқалады.
Атап айтқанда, 2,2 млн тонна жемшөп тасымалданды. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,6 есе артық. Бұл өңдеу саласының дамуын және қосылған құны жоғары тауарлар өндірісінің ілгерілеуін көрсетеді.
Орталық Азия елдеріне (Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан) тасымалдау көлемі 34%-ға артты. Ақтау және Құрық порттары арқылы Иран бағытына тасымалдау қайта жанданып, 3,3 есе өсіп, 0,7 млн тоннаны құрады. Ауғанстанға жеткізу көлемі 40%-ға өсіп, 179 мың тоннаға жетті.
Экспорттың өзге бағыттары бойынша да айтарлықтай өсім байқалады:
• Ресей – 4,2 есе (1,7 млн тонна);
• Әзербайжан – 108 есе (542 мың тонна);
• Балтық елдерінің порттары – 14 есе (606 мың тонна);
• Ресейдің Балтық елдеріндегі порттары – 2,4 есе (132 мың тонна);
• Қара теңіз порттары – 1,4 есе (256 мың тонна).
Қазақстан сондай-ақ жаңа экспорттық бағыттарды ашты. Олардың қатарында Африка елдері (Марокко, Алжир), Вьетнам және Еуропалық Одақ мемлекеттері бар.
Астық жүктерін тасымалдау жұмысын үйлестіру және мәселелерді жедел шешу үшін Көлік министрлігіне қарасты жедел штаб жұмыс істейді. Оның құрамына Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «KTZ Express», «Астық Транс», «Продкорпорация» ҰК, Қазақстан астық одағы, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарының өкілдері кіреді.
Штаб өзекті мәселелерді қарап, астықты үздіксіз тасымалдауды және саланың жоспарлы көрсеткіштерін орындауды қамтамасыз ету мақсатында шаралар қабылдайды.



