Елордада 6 мыңға жуық белорус тұрады

5 наурыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордада 6 мыңға жуық белорус тұрады
фото: Дмитрий Останьковичтің жеке мұрағатынан

Қазақстанда белорус ұлты этносаралық келісімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Мәселен, елордадағы «Радима» белорус мәдени орталығы белорустардың елдің қоғамдық өміріне белсенді атсалысуына ықпал етіп келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астанада 2013 жылы құрылған орталық бүгінде белорус мәдениетін насихаттауға, әдет-ғұрыптарды, салт-дәстүрлерді сақтауға, өз халқының тарихы мен тілін зерттеуге бей-жай қарамайтын жандарды біріктірді. «Радима» белорус мәдени орталығының төрағасы Дмитрий Останьковичтің сөзінше, бүгінде елордада алты мыңға жуық белорус тұрады.

«Бұл орталықты құру жолында педагог-филолог Тамара Батрак пен Мәншүк Мәметова атындағы тігін фабрикасының бұрынғы директоры Валентина Кириченконың қосқан үлесі зор. Бүгінде ресми деректер бойынша елордада алты мыңға жуық белорус тұрса, олардың кейбіреулері біздің орталықтың өміріне белсенді қатысып келеді. Біз белорус, қазақ және өзге де ұлттардың мәдени және рухани жетістіктерін сақтауға бағытталған мәдени-ағартушылық, қоғамдық, ғылыми қызметті жүзеге асырып келеміз», - дейді Дмитрий Останькович.

Қоғамдық бірлестіктің атауын қазақ тіліне аударғанда «Отан» деген мағынаны білдіреді. Белорустар үшін бұл туған жер, дәстүр мен тарихты сақтаудың маңыздылығын еске салады.

«Біздің орталықта түрлі концерттер, байқаулар мен фестивальдарға тұрақты қатысатын «Вяселка» фольклорлық ансамблі бар. Ансамбль патриоттық әндерді орындау арқылы Отанға деген сүйіспеншілік пен халқымыздың жоғары рухани құндылықтарын насихаттап жүр. Ұжымның репертуары негізінен белорус халықтық, қазақ және орыс әндерінен, менің авторлық әндерімнен тұрады. Біз қаланың әртүрлі сахналық орындарында жиі өнер көрсетеміз және байқаулар мен фестивальдарға қатысып тұрамыз. Сонымен қатар біз осы жылдар ішінде бірқатар қызықты мәдени жобаларды әзірлеп, жүзеге асырдық», - дейді Дмитрий Останькович.

Мәдени орталық түрлі тақырыптық дөңгелек үстел, семинар мен кездесулерге тұрақты қатысады. Сонымен қатар мұқтаж жандарға көмек көрсету, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы сияқты түрлі әлеуметтік жобаларға да атсалысады. 

«Қазақ және белорус ұлттарын көп нәрсе байланыстырады. Екі ұлт та отбасылық дәстүрлер мен қонақжайлықты бағалайды», - дейді Дмитрий Останькович. 

«Радима» белорус мәдени орталығы мен Қазақстандағы Беларусь Республикасының Елшілігі арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған.