Мемлекет басшысы ел бірлігін нығайту жолындағы маңызды бағыттарды айқындады – Аналар кеңесі төрағасы


Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрағасы Алтынай Тәңірбергенова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында сөйлеген сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында сөйлеген сөзі еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын нығайту жолындағы маңызды бағыттарды айқындады. Президентіміздің сөзінде еліміздегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Бұл – Қазақстанның көпұлтты қоғамындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі.
Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Бұл тек қоршаған ортаны қорғау ғана емес, сонымен қатар азаматтардың сана-сезімін арттыру, жауапкершілікті күшейту. Бұл бастамаға әрбір азаматтың қатысуы маңызды.
Аналар кеңесі ретінде біз бұл бастамаларды толық қолдаймыз және еліміздің болашағы үшін жастарды тәрбиелеуде белсенділік танытамыз. Отбасындағы тәрбие – ұрпақтың болмысын қалыптастырады, сондықтан әрбір ана өз баласына ұлттық құндылықтарды сіңіруге жауапты», - деді Алтынай Тәңірбергенова.



