Түркістан облысында шіркеймен күреске жауапты мердігер 1,4 млн теңге айыппұл арқалады


Түркістан облысында шіркейге қарсы дезинсекция шараларын жүргізіп жатқан Satti Tulik компаниясына әкімшілік хаттама толтырылып, 1,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлады Elordainfo.kz облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мекеменің тапсырысшы алдындағы міндеті мен жауапкершілігі облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өткізген штаб отырысында қаралған.
Мердігер мойнына алған маңызды міндетін тиісінше орындамаған жағдайда заң шеңберінде қатаң шара қолданылатыны ескертілген.
Өңір әкімдігі өкілдері Сырдария өзені және Көксарай су реттегіш бойында орналасқан елді мекен аумақтарында шіркейге қарсы дезинсекция шаралары наурыз айында басталғанын айтады. Бұл жұмыстарды Satti Tulik компаниясы жүргізіп жатыр. Ал ғылыми сүйемелдеу жұмыстарына «Защита-растений» компаниясы жауапты.
Биыл биологиялық залалсыздандыру жұмыстары ерте, яғни наурыз айында басталды. Осы уақыт ішінде 7 рет дәрілеу жұмысы жүргізілді. Жалпы заласыздандыру алаңы 15 секторға бөлінген.
Сырдария өзеніндегі залалсыздандыру аймағына 76 тонна «Бактицид» препараты өзенге құйылды. Мамандардың айтуынша, дәрілік заттың төрт түлікке, ара, балық және басқа да тіршілік иелеріне зияны жоқ.
Мердігер мекеме ғылыми негізде нақтыланған тұжырымдама аясында күрес шараларын биологиялық препараттарды суға жіберу әдісі, ал су қорғау аймақтарындағы ағаштардың бұталары мен елді мекен, демалыс аумақтарында химиялық өңдеу әдісі арқылы қолға алған.
Келісім шартқа сәйкес, Сырдария өзеніне, сондай-ақ Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және Отырар, Шардара, Келес, Ордабасы, Сауран аудандарында дезинсекция жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, биологиялық залалсыздандыру аясында 127 008 кг биологиялық препараттарды су айдындарына жіберу көзделген. Былтырғымен салыстырғанда препарат құйылатын нүкте саны екі есе көп. Бұл жұмыстарға 50-ге жуық адам, 15 техника, 4 қайық жұмылдырылған.
Биологиялық өңдеуден кейін қосымша химиялық препараттармен залалсыздандыру көзделген. Келісім шартқа сәйкес, 5408,4 га жер аумақты химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстар да қатар жүргізіліп жатыр. Биыл зиянкестермен күреске 1,4 млрд теңге бөлініп, дәрі көлемі үш есеге артқан.