«Astaufest 2025»: Елордада шебер аспаздардың сайысы өтті

Бүгін, 14:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views63
«Astaufest 2025»: Елордада шебер аспаздардың сайысы өтті
фото: Василий Крась

Елордада VI Халықаралық «Astaufest 2025» гастрономиялық фестивалі аясында «Жылдың бас аспазы - 2025» байқауы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Фестиваль мақсаты - Халықаралық аспаздар күні мен техникалық және кәсіптік білім беруді интернационализациялау аясында шетелдік білім беру ұйымдары және кәсіпорындарымен өзара ынтымақтастық орнату.  Ауқымды іс-шараны Астана қаласының Білім басқармасының қолдауымен Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі ұйымдастырды.

«Бұл - дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін аспаздар сайысы. Мұнда тәжірибелі аспаздар мен колледж студенттері өзінің бағын сынай алады. Фестивальге еліміздің 15 өңірінен 45 оқу орнынан студенттер келді. Сондай-ақ шетелден қатысушылар мен сарапшылар қатысып отыр. Олардың ішінде комиссия төрағасы, «Мишлен» жұлдыз иегері,  Огюста Эскофье кавалері, Бельгия және француз тағамдарының метрі Jean Achner бар.

Қатысушылар он-оннан тамақ әзірлейтін асханаға кіріп, 1 сағаттың ішінде ыстық тамақ және басытқы дайындады.

Шетелдік және өз еліміздің сарапшылары хаттама бойынша олардың жұмыс орнын ұйымдастыруын, гигиеналық нормаларды сақтауын, азық-түліктерді талапқа сай әкелуін, өзін-өзі ұстауын және тағамның түрін, түсін көріп, иісін сезіп, дәмін татып көреді.

Осы жерден категорияларына қарай ең мықты аспаздарды таңдап, марапаттайтын боламыз. Жыл аспазына Гран-при және басқа жеңіспаздарға жүлделі орныдар беріледі.  

Мұндай байқаулар жұмысшы мамандығының беделін арттыруға және нығайтуға көмектеседі. Аспаз мамандығы қаншалықты бағалы екендігін, сұраныста екенін дәлелдейтін және қатысушыларға рух беретін фестивальдеріміздің бірі», - фестивальдің сарапшысы, тәжірибелі аспаз Манас Ысқақ.

Айта кетейік, VI Халықаралық «Astaufest 2025» гастрономиялық фестивалі аясында өтіп жатқан байқаулар қаладағы бірнеше орында ұйымдастырылып жатыр. Жалпы саны 230 қатысушы осы байқауларда өздерінің аспаздық шеберліктерін танытып жатыр.