Ресейде жантүршігерлік жол апатынан екі қазақстандық қаза тапты


Ресейдің Алтай өлкесінде орналасқан А-322 автожолының 187-шақырымында ірі жол-көлік апаты болды. Қайғылы оқиға салдарынан алты адам қаза тапты, олардың екеуі – Қазақстан азаматы. Бұл туралы Elordainfo.kz агенттігі Life.ru сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Жол апаты 30 маусым күні болды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Kia Forte көлігінің жүргізушісі жол ережесін бұзып, қарсы бағытұа шығып кеткен. Салдарынан көлік Honda Odyssey автокөлігімен соқтығысқан.
Honda Odyssey көлігінде болған Қазақстан азаматтары оқиға орнында қаза тапты. Ал Kia көлігінде сегіз адам отырған, олардың барлығы – Алтай өлкесінің Поспелихин ауданының тұрғыны. Қайтыс болғандардың қатарында үш бала мен бір ересек адам бар.
Апаттан зардап шеккен тағы төрт адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайына байланысты дәрігерлер қажетті көмекті көрсетіп жатыр.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, қажетті сараптамалар мен тергеу амалдары тағайындалды. Оқиға орнында жедел қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Алтай өлкелік ІІМ басшысы Сергей Камышев істі жеке бақылауына алды. Тәртіп сақшылары қазіргі таңда барлық мән-жайды анықтап жатыр.



