Парашют ашылмай қалған: Ақтөбеде әскери институт курсанты қаза тапты


Ақтөбеде парашютпен секіру кезінде курсант көз жұмды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ҚК Әуе қорғаны күштері әскери институтының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, оқиға 15 шілде күні болған.
«Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанты парашаютпен жоспарлы оқу-жаттығу секірулерін орындау кезінде алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, секіру кезінде әскери қызметшінің парашюті ашылмай қалған», - деп жазылған хабарламада.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.
«Әскери институт пен Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан курсанттың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі», - деп жазылған хабарламада.



