«Мен де жұлдыз боламын»: Астанада ата-аналарды алдаған алаяқ анықталды

Бүгін, 20:02
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Мен де жұлдыз боламын»: Астанада ата-аналарды алдаған алаяқ анықталды
Фото: freepik.com

Астанада 39 жастағы күдікті өзін би үйірмесінің ұйымдастырушысы ретінде таныстырып, балаларды «Мен де жұлдыз боламын» бағдарламасына қатыстыруға және шетелге жарысқа апаратынын айтып, бірнеше ата-ананы алдаған, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Қазіргі уақытта «Нұра» аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні ұстады.

«Оның алаяқтық жолмен жасалған 9 эпизодқа қатысы бары анықталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Тергеу барысында, әйелдің ата-аналардың сеніміне кіріп, олардың балаларына үлкен сахна мен халықаралық деңгейдегі жетістік уәде еткені белгілі болды. Осы мақсатпен ол түрлі шығындарды (дайындық, жол ақысы, құжат рәсімдеу, қатысу жарналары) сылтауратып, ақша алған. Уәде етілген іс-шаралар жүзеге аспаған соң, ата-аналар полицияға жүгінген», - делінген хабарламада.

Полиция азаматтарға бейтаныс адамдардың уәделеріне сақтықпен қарап, ресми құжаттарсыз ешқандай ақша аудармауға кеңес береді. Күмәнді жағдай туындаған кезде дереу полицияға хабарласу қажет.