«Балам терезеден құлады»: Астаналық әйел әріптестерінен жиналған ақшаға Түркияда демалған

Астана тұрғыны әріптестерін алдап қаражат жинап алу үшін қайғылы оқиғаны ойлап тапқан, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Астанада полиция қызметкерлері 31 жастағы әйелді жеке пайдасы үшін әріптестерінің сеніміне кіріп, алаяқтық жасағаны үшін жауапқа тартты.
Декреттік демалыста жүрген әйел өз басшысына хабарласып, ойдан шығарған қайғылы оқиға туралы айтқан. Ол баласы терезеден құлап, жансақтау бөлімінде жатқанын мәлімдеген.
Жанашырлық танытқан әріптестері ем-домға көмек ретінде ақша жинап берген. Алайда көп ұзамай шындықтың беті ашылған. Әріптестерінің бірі оның жұбайына хабарласқанда, ер адам баласының аман-есен екенін айтып, әйелінің сөзі шындыққа жанаспайтынын жеткізген.
«Тексеру барысында әйелдің жиналған қаражатты жеке қажетіне жұмсағаны, соның ішінде Түркияға демалысқа барғаны анықталды. Алаяқтық дерегі бойынша құқық қорғау органдары жедел тергеу жүргізіп, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды», – делінген полиция хабарламасында.



