Жеңілдетілген салық кімге және неге жеңіл емес болып қалды

Бүгін, 15:02
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views57
Жеңілдетілген салық кімге және неге жеңіл емес болып қалды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметінен

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай әлеуметтік желідегі парақшасында жеңілдетілген салық мәселесін көтерді. Депутаттың сөзінше, жеңілдетілген салық қолынан іс келетін шағын кәсіпкерлерге арналғанымен, оның беретін мүмкіндігін құрылыс, IT сияқты миллиардтар айналып жатқан кәсіп иелері пайдаланып кеткен.

"Жеңілдетілген салық дегеніміз – қолынан іс келетін, бірақ қалтасы жұқа кәсіпкерге арналған еді. Үй маңындағы дүкен, шаштараз, шеберхана, шағын дәмхана – соның бәрі сол режиммен күнін көріп келді. Бірақ жылдар өте бұл жеңілдікке алыптар да кіріп алды.

Көтерме сауда, құрылыс, кеңес беру, IT миллиардтар айналып жатқан салалар «шағын бизнес» атын жамылды. Былайша айтқанда, алыптар кішкентайдың киімін киіп алғандай болды.

Енді Үкімет «әркім өз орнында болсын» деп жатыр. Жеңілдетілген салықты, шын мәнінде, шағын кәсіпке қайтару – басты мақсат.
1111 қызмет түрінің 795-і тізімнен шықты дейді. Бірақ бұл «бәрін жапты» деген сөз емес. Кәсіпкерлердің 70 пайызы бұрынғысынша жеңілдетілген салықта қалады. Ұсақ дүкен, наубайхана, тігінші, шағын дәмхана бәрі орнында.

Ал 2000 шаршы метрден асқан дүкенге «шағын» деу қиын. Ондайлар – сауда орталығы, желілік бизнес. Сондықтан 2000 шаршы метр – жай сан емес, әділ шекара. Құрылыс саласында да айырмашылық бар. Жол, көпір, мұнай құбыры салғандар жалпы режимге өтеді. Ал үй жөндеп, терезе орнатқан, сырлаған, шатыр жапқан халық үшін жеңілдетілген салық сол қалпында қалады.

Ал IT мен консалтинг ше? Бұл — табысы жоғары, тәуекелі көп сала. Кейде бір адам он миллиондап табыс табады да, салықты шаштаразбен бірдей төлейді. Ондай теңсіздік болмауы керек. Ең бастысы дүрлікпейік. Биыл өтпелі жыл. 2026 жылдан бастап жаңа ереже күшіне енеді. Ал ауыл-аймақтың саудасы мен тұрмыстық қызметі өз орнында, жеңілдетілген режимде қала береді.

Елдің ырысы – жер, жердің берекесі – еңбек. Ауылдағы ағайын енді өз еңбегінің жемісін көбірек көруге мүмкіндік алады.
Шаруа қожалықтары мен фермерлер бұрынғыдай жеңілдетілген салық жүйесінде қала береді. Ал бірыңғай жер салығы олардың мойнындағы ауыртпалықты жеңілдетпек. Бұдан бөлек, ҚҚС жеңілдіктері мен тауарды тікелей сауда желілеріне өткізу мүмкіндігі қарастырылған. Фермер енді делдалсыз, тура дүкен сөресіне өнімін жеткізе алады.

Бұдан ұтылатын ешкім жоқ: фермер нарық табады, дүкендер тұрақты өнім алады, ал халық арзан әрі сапалы асқа қол жеткізеді. Қысқасы, ауыл еңсесін тіктейді.
Өңдеуші кәсіпорындар енді бұрынғыдай «оңай жолмен» емес, жауапты салық тәртібімен жұмыс істейді. Бірақ соның орнына мемлекет шынайы қолдау тетіктерін ұсынып отыр: ҚҚС бойынша жеңілдіктер, жабдықты жаңарту шығындарын шегеру, «Бәйтерек» пен «Даму» арқылы жеңілдетілген қаржыландыру.

Салықты төлеп қана қоймай, сол арқылы жаңа мүмкіндік алады, заманға сай өндіріс, жаңа жұмыс орны, экспортқа жол. Ал тұтынушыға бағытталған кәсіпорындар үшін жеңілдетілген режим бәрібір сақталады.

Халықпен тікелей жұмыс істейтін дүкендер, базарлар, дәмханалар мен дәріханалар сол бұрынғы қарапайым салық жүйесінде қала береді.
Нәзік салаларды назардан тыс қалдырған жоқ. Бала бақшалар, спорт пен өнер үйірмелері, тіл курстары, сондай-ақ стоматология мен дәрігерлік тәжірибе сол қалпында жеңілдетілген жүйеде жұмыс істей береді.

Өйткені бұл қызмет түрлері әр отбасының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Салық жеңілдігі бұл жолы тек экономикалық емес,
әлеуметтік қамқорлықтың белгісі. Шығармашылықтың да өз нарығы бар. Кино мен музыка, дизайн мен сурет, мәдениет пен өнер
бұлардың бәрі халыққа рухани азық береді. Сондықтан креативті бағыттардың көбі жеңілдетілген жүйеде қала береді. Бұл мемлекеттен жастарға, өнер адамдарына жолданған сенім сигналы деуге болады.

Сарапшылар бағаның – 2-3 пайыз шамасында көтерілуін айтып жатыр. Үкімет соған қарсы да шара ретінде 40 млн теңгеге дейін айналымы барлар қосымша құн салығын төлемейді, табысы 134 мың теңгеге дейінгі азаматтар ЖТС-тан босатылады, ескі көлік иелеріне жеңілдік салығы енгізіледі деді. Қысқасы, жаңа салық жүйесі тек есеп-қисап емес, еңбек пен кәсіпке, ауыл мен адамға құрметтің көрінісі. Түсінген адамға бұл өзгеріс – жазалау емес, әділет орнату. Өйткені салықты бәрі адал төлесе, ауыртпалық ешкімге батпайды. Ал адал еңбек еткен адам жеңілділдіктің нағыз иесі болатын уақыт келді», - деп жазды сенатор.