Астанада психикалық дерті бар 6 азаматтың қолданыстағы жүргізуші куәліктері бар екені анықталды

Астана қаласының прокуратурасы психикалық ауруларға байланысты көлік құралдарын басқаруға тыйым салынған адамдарға қатысты талап-арыз жұмыстарын жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz құзырлы органның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бас прокуратураның мәліметінше, қала прокуратурасы психикалық ауруы бар деп танылып, осы негізде қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдардың көлік құралдарын басқару құқығы бар-жоғын талдады.
Медициналық қарсы көрсетілімдер тізіміне сәйкес көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға тыйым салынған 76 адамның ішінде 6 азаматтың қолданыстағы жүргізуші куәліктері бар екені анықталды.
Осыған байланысты, елорда прокуратурасы азаматқа қатысты азаматтық талап арыз беріп, ол 2025 жылғы 2 шілдедегі сот шешімімен қанағаттандырылып, азаматтың көлік құралын басқару құқығы тоқтатылды.
Ұқсас талап-арыздық жұмыстарды аудандық прокуратуралар жүргізіп, 4 талап арыз беріліп, олардың барлығы сотпен қанағаттандырылды.
Сонымен қатар, талдау нәтижелері бойынша Қылмыстық кодекстің 16 және 91-баптарына өзгерістер енгізу ұсынылды. Бұл өзгерістер сотқа психикалық ауруға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдарға қатысты көлік құралын басқару құқығын тоқтату мәселесін қатар қарауға мүмкіндік береді.



