Биыл 80 мың қылмыстық құқық бұзушылық жасалды – Дания Еспаева

Мәжіліс депутаттары Ішкі істер министрлігінде қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін талқылап жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған Жолдауында құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктегенін айтты.
«Статистикаға мән беретін болсақ, былтыр – 132 778 қылмыстық құқық бұзушылық жасалса, биыл 8 айда 88 433 қылмыстық құқық бұзушылық жасалған. Оның 80 %-ы қылмыстар, ал 20%-ы қылмыстық теріс қылықтар. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік саласындағы ұлттық және халықаралық индикаторлар да соңғы 5 жылда айтарлықтай өзгерген жоқ», - деді орынбасар.
Спикердің айтуынша, есірткі қылмыстары, бұзақылық, қарақшылық өсіп отыр. Қылмыстық теріс қылықтар (ұсақ ұрлық, есірткі заттарын заңсыз пайдалану) көбірек тіркеліп жатыр.
«Егер қоғамдағы «көңіл-күйге» қарасақ, ондағы жағдай да алаңдатады. Біз қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі нақты ахуалдың қандай екенін анықтап алуымыз керек. Сондықтан бүгінгі «Үкімет сағатының» негізгі міндеті – құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйіне талдау жасау. Яғни қоғамды не алаңдатып отырғанын анықтау және полицияның осы бағыттағы жұмысына баға беру. Сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдардың шараларды жеткілікті түрде қабылдап жатқанын және жаңа заңнамалық өзгерістердің қаншалықты қажет екенін айқындау керек», - деді Дания Еспаева.



