Көкшетауда 60-қа жуық адам қаржы пирамидасына 136 млн теңге ақша салған

Бүгін, 10:25
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views35
Көкшетауда 60-қа жуық адам қаржы пирамидасына 136 млн теңге ақша салған
Фото: Оңалхан Өнерхан

ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Көкшетаудағы «S-Group» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің басшыларына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

 

Ұйымдастырушылар «S-Pharmaceutical» және өзге де жобаларға медициналық каннабис өндірісі мен дистрибуциясына инвестиция тарту сылтауымен, салымшыларға әрбір жаңадан тартылған қатысушыға салым сомасының 5%-ы мөлшерінде кепілдендірілген табыс уәде еткен. Қатысу үшін сайтта тіркеліп, кем дегенде 100 АҚШ долларынан бастап салым жасау талап етілген.

Айта кетейік, күдіктілердің бірі бұған дейін «Life Is Good» және «Finiko» қаржы пирамидаларына қатысып, онда табыс тауып, кейін осындай схема арқылы өз жобасын құрған.

Нәтижесінде қаржы пирамидаға 59 азамат тартылып, олар жалпы 136 миллион теңгеден астам қаражат салған.

«Күдіктілер салымшылардың ақшасына елордадан екі пәтер мен автотұрақ орнын сатып алған, оларға соттың санкциясымен тыйым салынды. Үш ұйымдастырушыға қатысты қозғалысын шектеу және тәртіп сақтау туралы қолхатпен бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жариялауға жатпайды», - деп жазылған хабарламада.