Мұғалімді балағаттаған Назарбаев мектебінің оқушысы оқудан шығарылды

28 мамыр, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Мұғалімді балағаттаған Назарбаев мектебінің оқушысы оқудан шығарылды
фото: Әнуар Жанғозин

Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы оқу жылының аяқталуына екі күн қалғанда мұғалімді балағаттағаны үшін оқудан шығарылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Белгілі болғандай, өткен аптада 11-сынып оқушысы тоқсандық қорытынды бағалау кезінде мобильді телефон пайдаланған. Мұғалім белгіленген тәртіп бойынша телефонды алып қойған. Кейін оқушы мұғалімге балағат сөз айтқан.  

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин оқиғаға қатысты пікір білдірді. 

Оның сөзінше, оқушы мектептен шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды.

«Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде орын алған жағдайға байланысты оқушымен, ата-аналармен және педагогикалық ұжыммен кездесу өткіздім. Талқылауға сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.

Кездесу барысында бұған дейін қабылданған шешім қайта қаралып, тараптар өзара түсіністікке келді. Назарбаев Зияткерлік мектебі өз шешімін өзгертпейді, оқушы мектептен шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды. Оқушының ата-анасы тарапынан ешқандай қарсылық жоқ»,- деп жазды басқарма төрағасы.