Қазақстаннан Еуропа елдеріне 5 мыңға жуық тонна балық заңсыз экспортталған

Жетісу облысының табиғат қорғау прокуратурасы балық ресурстарының айналымына қатысты заң бұзушылықтарды анықтады. Тексеру барысында Еуропа елдеріне балық өнімдерінің заңсыз экспортталғаны белгілі болды, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер 20-дан астам еншілес компания ашып, солар арқылы балықты шетелге шығарған. Алайда бұл компаниялардың ешқайсысында балық аулауға арналған су қоймалары, қажетті квоталар және экспортқа рұқсат құжаттары болмаған.
Мысалы, бір серіктестікке 270 тонна балық аулауға ғана рұқсат берілген. Бірақ ол шын мәнінде 4 920 тонна балық экспорттаған. Бұл – рұқсат етілген мөлшерден 18 есе артық. Оның 2 096 тоннасы еншілес кәсіпорындар арқылы сыртқа шығарылған.
Уәкілетті органның мәліметінше, 4 негізгі балық аулау кәсіпорны мен олардың еншілес компанияларының заңсыз әрекеттері мемлекетке 80 миллиард теңгеден астам шығын келтірген.
Қазір анықталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 234-бабы (экономикалық контрабанда) аясында сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.



