Атыраудағы бассейндегі төтенше жағдай: 3 адам ауруханаға жатқызылды

Бүгін, 11:43
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Атыраудағы бассейндегі төтенше жағдай: 3 адам ауруханаға жатқызылды
Фото: freepik

13 шілдеде Атыраудағы бассейндердің бірінде хлордан уланудың ықтимал жағдайы тіркелген, деп хабарлады Elordainfo.kz Атырау өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, медициналық көмекке 14 адам жүгінген. Ауруханаға 3 адам жатқызылған, олардың жағдайы тұрақты. Қалған тұрғындар дәрігерлердің бақылауында.

«Эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп, ауа мен судан сынама алынды. Хлор буы шекті мөлшерден аспаған, зертханалық талдау жұмыстары жалғасуда. Полиция қылмыстық іс қозғады, тергеу жүріп жатыр», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасына зардап шеккендердің жағдайын бақылауда ұстауды тапсырған.

Бұдан бөлек, өңірдегі бассейндер мен аквапарктерді тексеру тапсырылған.