30-ға жуық адамды алдап ақша тапқан зергер ұсталды

29 қаңтар, 2025
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
30-ға жуық адамды алдап ақша тапқан зергер ұсталды
Фото: polisia.kz

Қарағандыда полиция 30-ға жуық адамды алдап, қомақты қаражат тапқан зергерді ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Полицияның мәліметінше, Жаңа Майқұдық полиция бөліміне қаланың 43 жастағы тұрғыны арызбен шағымданған.

Ол арызында алтын бұйымдарын тазалауға және үзілген жерін жалғап беруге зергерге тапсырғанын жазды. Бұл жұмыс үшін зергер жәбірленушіге қосымша уақыт қажеттігін айтқан. Сөйтіп, азаматша алтындарын сол жерге қалдырып кеткен.

Алайда келісілген уақытта алтын бұйымдардың иесі әшекейлерін алып кетуге барғанда, зергер үлгермегенін айтып, тағы да қосымша уақыт сұраған. Арада үш ай өткен соң зергердің алаяқ екенін түсінген жәбірленуші полицияға арызданды.

«Оған келтірілген шығын көлемі 854 мың теңгені құрады. Полиция қызметкерлері 45 жастағы зергерді анықтады. Күдікті азамат ақшадан қысылғанын айтып, жәбірленушінің алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп жібергенін түсіндіріп, кепілдік билетін көрсетті», - делінген ІІМ хабарламасында.

Тәртіп сақшылары кепілдік билетімен ломбардқа алтын бұйымдарды өткізуге барғанда күтпеген жағдайға тап болды. Белгілі болғандай, зергер бұл ломбардқа жалпы құны 10 млн теңгеден астам ақшаға 64 алтын бұйым өткізген.