Астанада құтқарушылар Есілге түсіп кеткен көлікті шығарды

Астанада құтқарушылар Есілге түсіп кеткен көлікті шығарды
Фото: видеодан скрин

Астанада электрондық жүйесінде ақау пайда болған жеңіл көлік Есіл өзеніне түсіп кетіп, құтқарушылардың көмегімен судан шығарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға «Сарайшық» ауданында болған. Көлік Есіл өзенінің арнасына түсіп кеткен. Жүргізуші мен жолаушы көліктен өздігінен шығып үлгерген.

Оқиға орнына ТЖМ жедел-құтқару жасағының мамандары шақырылды. Құтқарушылар судағы жағдайды зерделеп, сүңгуірлердің көмегімен көліктің орналасқан жерін анықтаған.

Кейін жеңіл автокөлік арнайы кранның көмегімен өзеннен шығарылды.

Көлік иесі құтқарушыларға жедел әрі кәсіби көмегі үшін алғысын білдірді.

Бұған дейін Астанада болған пәтердегі өрт кезінде әйел адамның құтқарылғанын жаздық.