Елорданы тәулік бойы жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеміз – энергетик
Елорданы электр және жылумен қамтамасыз етуде жылу электр стансаларының маңызы зор. Ал олардың тұрақты жұмыс істеуі үшін техникалық маман иелері күні-түні еңбек етеді. Мәселен, қаладағы екінші жылу электр стансасында еңбек ететін Ернұр Әбілбаев 10 жылдан бері қазандықтардың жұмыс істеу тәртібін бақылап келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz тілшісі.
Энергетикалық өндіріс орнында жұмыс істейтін Ернұр Әбілбаев Қарағанды политехникалық колледжінде «Электр стансалары мен қосалқы стансалары электр жабдықтары» мамандығын үздік тәмамдаған.
«Жылу электр стансасына 2015 жылы жұмысқа орналасып, «Машинст-обходчик» қызметін атқардым. Арада 5 жыл өткен соң, «Қазандықтарды басқару орталық жылу қалқанының машинисі» қызметіне ауыстым. Міне, содан бері қазандықтардың жұмыс істеу жүйесін электронды түрде бақылап келемін. Тексеру барысында қандай да бір ақау табылса, аға машиниске хабарлап, мәселені бірден шешуге тырысамыз. Егер жағдай күрделі болса, онда басшылық шешімімен қазандық жұмысы тоқтатылып, жөндеу жұмысы жүргізіледі», - дейді ол.
Жылу электр стансалары жылу энергиясын электр энергиясына айналдырады.
«Жылу орталығының қызметкерлері тәулік бойы елорданы жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Жұмыс ауысымы басталғанда әр сағат сайын қазандықтың қысымын, жүктемесін, судың температурасы мен қысымын, ауа қысымы мен температурасын қадағалаймын. Яғни жалпы электро құрылғылардың температурасын бақылауда ұстаймын. Біз үшін қазандықтың қысымы мен температурасын бірқалыпты ұстап тұру өте маңызды. Бір қателік адам өміріне және мекемемізге үлкен шығын келтіруі мүмкін. Әр кезекшілікте қатаң қадағалап, он екі сағат бойы көз алмай мониторға қарап отыру қиындық соқтырады», - дейді Ернұр Әбілбаев.
Энергетик маманның сөзінше, жұмысшы мамандықтар ел экономикасының дамуына әрқашан үлес қосады.
«Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы керемет бастама деп айтар едім. Биыл мұндай маман иелеріне ерекше назар аударылады. Менің ойымша, биыл жастар техникалық мамандықтарға көңіл бөле бастайды», - дейді ол.
Құрамына үш жылу электр стансасы, екі газдандырылған жылу стансасы және аудандық қазандықтар кіретін «Астана-Энергия» АҚ-да 1805 адам жұмыс істейді. Бүгінгі таңда кәсіпорын 4222 Гкал жылу және 555 МВт электр энергиясын өндіреді.