Астанада автобустар қозғалысын кімдер үйлестіреді
Астанада қоғамдық көлік қозғалысын үйлестіріп жүрген «Қазан Экспресс» ЖШС-ның аға диспетчері Юлия Горб саладағы 19 жылдық еңбек тәжірибесі, диспетчер қызметінің ерекшелігі және жас мамандарға берер кеңесі туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Юлия Горбтың көлік саласындағы еңбек жолы 2007 жылы басталған. Ол кезде автобустарда жолақы қолма-қол төленіп, кондукторлар төлемді қолмен қабылдайтын. Ал бүгінде қоғамдық көлік қозғалысын бақылауда цифрлық сервистер кеңінен қолданылады.
Esil University оқу орнында «Есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алған Юлия уақыт өте келе, диспетчерлік қызметке келген. Қазір ол «Қазан Экспресс» ЖШС-де аға диспетчер болып жұмыс істейді.
«Жұмысым өте қызықты, – дейді ол. Аға диспетчердің негізгі міндеті – автобустардың желіге уақытылы шығуын қамтамасыз ету, жүргізушілердің қозғалыс кестесін сақтауын және жолаушыларды қауіпсіз тасымалдауын үйлестіру».
Диспетчерлік қызмет мамандары автобустардың қозғалысын Avtobys жүйесі арқылы нақты уақыт режимінде бақылайды. Бұл жүйе көліктің орналасуын, қозғалысын және бағыттар бойынша қалыптасқан жағдайды жедел бақылауға мүмкіндік береді.
Алайда қоғамдық көліктің белгіленген кесте бойынша жүруін әрдайым сақтау мүмкін бола бермейді. Әсіресе, ауа райы қолайсыз күндері диспетчерлердің жұмысы күрделене түседі.
«Мұндай күндері жағдай өте күрделі болады. Жүргізушілерге рейстерді орындау қиындайды, өйткені олар әр жолаушының қауіпсіздігіне жауап береді. Ал диспетчерлік қызмет қозғалыс кестесі мен автобустар арасындағы интервалдарды бақылап, реттейді. Біздің мақсатымыз – тұрғындардың баратын жеріне кедергісіз жетуіне жағдай жасау», – деді Юлия Горб.
Оның айтуынша, жұмыстағы қиындықтарды еңсерудің басты жолы – командалық жұмыс пен өзара түсіністік. Бір-біріне қолдау көрсететін ұйымшыл ұжым қоғамдық көлік қозғалысының тұрақты болуына ықпал етеді.
Тәжірибелі маман жас қызметкерлерге мақсатқа ұмтылып, алғашқы қиындықтарға бола берілмеуге кеңес берді.
«Қандай да бір қиындық кездессе, берілмеу керек. Мақсат қойып, соған қарай табанды түрде еңбектену маңызды», – деді ол.
Қоғамдық көліктің күнделікті тұрақты жұмысының артында жүргізушілермен қатар диспетчерлер, техникалық мамандар және басқа да қызметкерлердің еңбегі тұр. Олардың үйлесімді жұмысы елорда тұрғындарының қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына мүмкіндік береді.
Бұған дейін Астананың 2005 жылғы автобустары қандай болғанын жаздық.