Бас прокуратура ескертеді: Талдықорғандық трейдингке сеніп 7 млн теңгесінен айырылды
Бас прокуратура азаматтарға алаяқтықтың кең таралған схемасы туралы ескертеді. Бұл жағдайда қаскөйлер тиімді инвестициялау сылтауымен әртүрлі жоқ жобаларға салым жасауға уәде беріп, азаматтардың ақшалай қаражатын иемденеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қадалағау органының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қылмыскерлер кең таралған әлеуметтік желіні, оның ішінде TikTok, Instagram, YouTube және басқа да интернет-платформаны пайдаланады. Олар танымал адамдардың дипфейк-бейнесін және аса жоғары пассивті табыс табуға уәде беретін жалған жасанды интеллект платформасын жасайды.
Мысалы, Михаил Ломтадземен Kaspi AI, Илон Маскпен Quantum AI, Павел Дуровпен TON, сондай-ақ «Хабар24», «КТК» немесе «Бірінші арна» телеарналарының танымал жаңалық жүргізушілерімен бірге «ҚазМұнайГазға» немесе «Газпромға» халықтық инвестициялар туралы ұсыныстар таралып жатыр. Тек соңғы бір жарым айдың ішінде республика бойынша осындай 119 дерек тіркелген.
«Қыркүйекте Талдықорған қаласының тұрғыны аса ірі мөлшердегі алаяқтық дерегі бойынша арызданды. Ол Instagram қарап отырып, трейдинг (акцияны сатып алу және сату) арқылы аса көп пайда табуды ұсынған жарнаманы көрген. Сілтемеге өтіп, жәбірленуші өзінің жеке және байланыс деректерін көрсете отырып, өтінім қалдырған. Кейін оған қаскөйлер байланысқа шыққан. Олардың нұсқауын орындаған ол басқа біреулердің шотына 7 млн теңгеден астам ақша аударған. Бұл ретте ол аударған ақшалай қаражат және болжамды дивидендтер жалған әмиянда көрсетілген, алайда алаяқтар олардың қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкіндігін бермеген», делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура азаматтарды қырағылық танытуға шақырады.
«Жоғары табысқа кепілдік беретін ұсыныстарға сенбеңіз және инвестициялау деген сылтаумен хабарласқан белгісіз адамға ақша аудармаңыз. Ақшаны инвестициялаудан бұрын компания және ұсынылып отырған инвестициялық жоба туралы ақпаратты тексеріңіз.
Күдікті хабарлама немесе қоңырау келіп түскен жағдайда, белгісіз адамдармен әңгімені тоқтатыңыз және оларға банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін кодты және қаражатқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін өзге де мәліметті хабарламаңыз», делінген ескертуде.
Еске салсақ, алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігі атынан жалған хаттар таратып жатыр