Елімізде сотталғандар кәсіпорындарда жұмыс істеп, табыс таба алады

Бүгін, 15:58
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде сотталғандар кәсіпорындарда жұмыс істеп, табыс таба алады
Фото: freepik

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде қылмыстық саясатты ізгілендіру бағыты дәйекті түрде іске асып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Биыл Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша прокуратура қылмыстық-атқару жүйесі және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, қоныс колонияларының аумағынан тыс жерде «Еңбек учаскелері» атты жаңа жобаны іске қосты.

«Іс жүзінде сотталғандар үшін қалыпты өмірге барынша жақын жағдайлар жасалуда. Олар кәсіпорындарда еңбек етіп, табыс табады, қылмыспен келтірілген залалды өтей алады және отбасыларына материалдық қолдау көрсетеді. Бұл ретте кәсіпкерлер оларға жұмыс орындарын ғана емес, тұрғын үй, тамақ және қажетті тұрмыстық жағдайлар да ұсынады», - делінген хабарламада.

Осылайша, қазіргі Қазақстан тарихында алғаш рет қоныс колонияларындағы сотталғандарды ұстауға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін бизнес өз мойнына алып отыр. Бұл мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Астана және Шымкент қалаларында, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл және Ақтөбе облыстарындағы осындай учаскелерде 350-ден астам сотталған еңбек етуде.

Тек Қарағанды облысының өзінде «Qarmet» АҚ мен «Железобетонный партнер» ЖШС 90-нан астам адамды жұмысқа қабылдады. Жыл соңына дейін жобаға қатысушылар санын 1 мыңға жеткізу міндеті қойылып отыр.

Жалпы, прокуратураның, ІІМ-нің және басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен пробациялық бақылаудағы 19 мың сотталған жұмысқа орналастырылды. Бұл олардың әлеуметтік бейімделуіне оң әсерін тигізуде. Бұдан бөлек, 20 мыңнан астам сотталған тікелей бас бостандығынан айыру орындарында жұмыспен қамтылған.

Бұл – сотталғандарды түзетудің аса тиімді тәсілі. Ол адамды бостандыққа шыққанға дейін-ақ өз бетінше өмір сүруге дайындауға, оған мамандық пен табыс көзін беруге, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруге және қылмыстық ортаға қайта оралмауына мүмкіндік береді.

«Заң мен тәртіп» қағидатына негіз болған ұтымды тепе-теңдіктің мәні де осында: жасалған қылмыс үшін жауаптылық адамның түзеліп, қоғамға заңға бағынатын азамат ретінде оралуына берілетін нақты мүмкіндікпен ұштасуға тиіс», - деп мәлімдеді Бас прокуратура.