Актер Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды

Бүгін, 15:01
Думан Аманжол Думан Аманжол
Актер Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды
www.instagram.com/zhaksygen_n

Актер Нұрсұлтан Жақсыген көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы облысы Қарасай аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарасай аудандық сотында актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол әлеуметтік желілерде көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыпталған.

Соттың мәліметінше, сотталушы мен жәбірленуші азаматтық некеде болған. Олардың кәмелетке толмаған екі ортақ баласы бар. 2024 жылғы 14 сәуірде олар бірге тұруды тоқтатқан.

Қылмыстық қудалау органы Н.Жақсыген әлеуметтік желілер арқылы жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтер таратқанын көрсеткен. Сот бұл ақпаратты тарату фактісі дәлелденді деген қорытындыға келді.

Осыған байланысты сот актерді ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.

Сонымен қатар Н.Жақсыген 5 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда, әлеуметтік желілерде және өзге де телекоммуникация желілерінде көпшілікке арналған ақпаратты дайындау, орналастыру және таратуға байланысты журналистік, блогерлік және өзге де жария ақпараттық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Бұдан бөлек, сот одан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 5 млн теңге өндірді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы әйелі актердің жазған хатын жариялаған болатын.