Тоқаев: Қазақстан минералдар мен сирек кездесетін металдар кеніне бай
«Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды материалдар саласындағы серіктестікке назар аударып, Қазақстан минералдар мен сирек кездесетін металдар кеніне бай екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Біз Корей Үкіметі стратегиялық басымдыққа ие ресурстар деп таныған мыс, хром, титан және басқа да элементтерді өндіреміз. Ал Кореяның озық технологияны өркендетуде мол тәжірибесі бар. Осыны ескеріп, геологиялық барлау, кен игеру, аса маңызды материалдарды терең өңдеуге қатысты толық циклді инвестициялық жобалардың тізімін жасақтауды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент көлік байланысын кеңейту мәселесін өте өзекті деп санайды. Осы орайда, Орталық Азияның географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуы тұтас Еуразияның көлік-логистика жүйесін нығайтуға мол мүмкіндік береді.
– Бұл істе Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы зор. Оның басым бөлігі Қазақстан аумағымен өтеді. Бүгінде Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалдың 85 пайызға жуығы аталған бағдарға тиесілі. Өткен жылы Орта дәліз бойымен контейнерлік тасымал көлемі 36 пайызға көбейді. Биылғы 8 айда 18 пайыз шамасында айтарлықтай өсім көсетті. Алдағы екі жылда бағдардың өткізу қабілетін 6 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Корей компаниялары осы бағыт бойындағы инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілетуге атсалыса алады. Қазақстан Үкіметі корей серіктестерімізге арналған инвестициялық жобалар портфелін жасақтауда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың әлеуеті зор. Қазақстан бұл бағыттың табысты дамуына барынша күш салады.
– Елімізде салалық министрлік құрылды, Alem.ai халықаралық орталығы ашылды, екі суперкомпьютер іске қосылды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылын жариялау осы саланың дамуына тың серпін берді. Бірқатар маңдайалды бастамаларды іске асырып жатырмыз. Олардың қатарында қуаты 1 гигаватт болатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру жобасы да бар. Кадрлық және ғылыми әлеуетіміз де нығайып келеді. Еліміздегі алғашқы арнаулы университет – Qazaq AI Research University маман даярлауға кірісті. Технологиялық серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығару үшін Астанадағы Alem.ai базасында «Орталық Азия – Корея» озық технологиялар орталығын құруды ұсынамыз, – деді Президент.

Ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан рекордтық көлемде, яғни 27 миллион тоннадай астық жинағанын мәлімдеді.
– Агроөнеркәсіп өнімдеріміз әлемнің 70-тен астам еліне жеткізіледі. Экспорт көлемі 7 миллиард долларға жетті. Қазақстан жер ресурстарына бай. Ал Корея ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру және оған жоғары технологияларды енгізу ісінде көш бастап тұр. Бәсекеге қабілетті артықшылықтарымызды біріктіріп, тамақ өнеркәсібінде бірлескен кластер құруды ұсынамын. Аталған кластердің қызметі өндіріске, терең өңдеуге және өнімді сыртқы нарыққа экспорттауға бағытталады. Қазақстан корей компанияларына үлкен нарық ұсынып қана қоймай, өндіріс орындарын ашуға, технологияларды енгізуге және Еуразия нарығына шығуға мол мүмкіндік береді. Бұл корей бизнесінің көкжиегін кеңейте түседі. Сонымен қатар тұтас Орталық Азияға нақты мультипликативті әсерін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, аймақтың экономикалық табысын елдердің орнықты дамуынан бөлек қарауға болмайды.
– Орталық Азияның өзара байланысын нығайту өңірдің экономикалық әлеуетін толық танытады, халықаралық бизнеске жол ашып, ауқымды бірлескен жобаларды іске асыруға тың серпін береді. Әлемде технологиялық және экономикалық тұрғыдан көшбасшы саналатын Корея Республикасымен ынтымақтастықты тереңдету осы мақсаттарға жедел қол жеткізуге ықпал етері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Іс-шара барысында Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.