Еңбек адамына қала тұрғындарының ықыласы ерекше - Темірхан Пірімбет

Еңбек адамына қала тұрғындарының ықыласы ерекше - Темірхан Пірімбет
Фото: BAQ.KZ/ авторы - Арман Мұхатов

Еңбек күні қарсаңында күн сайын Астананың тазалығы мен көркеюі үшін маңдай терін төгіп жүрген жандардың еңбегіне назар аудару заңдылық. Таң бозынан жұмысқа кірісіп, аптап ыстық пен аязға қарамастан елорда көшелерінің ажарын айшықтауға үлес қосып жүргендердің арасында «Астана Тазалық» ЖШС-ның арнайы көлік жүргізушісі Темірхан Пірімбет те  бар. Ол үшін еңбек ету өмірлік ұстаным. Бұл жолды бүгінде оның үш ұлы да жалғап келеді. Әке тәлімін көрген ұлдардың қала тазалығы саласында еңбек етуі бір отбасының Астананың көркеюіне қосып жүрген үлесінің көрінісі, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Темірхан Пірімбеттің  жұмысына таңғы сағат 6:00-де аттанады. Ол алдымен мекеме ғимаратына жетеді. Мұнда еңбек қауіпсіздігі мен жауапкершілік ең алдымен қызметкердің денсаулығын тексеруден басталады.

«Біздің жұмысымыз үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі техника жүргіземіз, қала көшелерінде жұмыс істейміз. Сондықтан жұмысқа кіріспес бұрын әр қызметкер міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Қан қысымын, жүрек соғысын, дене қызуын тексереді. Барлық талаптан өткеннен кейін ғана электронды жолдаманы ашып, жұмысқа шығамыз.

Одан кейін өзіме бекітілген техниканы толық қарап, тексеремін. Кез келген техниканың жұмысқа жарамдылығына алдын ала көз жеткізу керек. Ұсақ-түйек ақаудың өзі жұмыс барысында қиындық тудыруы мүмкін. Сондықтан бәрін жіті тексеріп, техниканың дұрыс екеніне көз жеткізген соң таңғы сағат 7:00-де жұмысқа кірісемін», – дейді ол.

Темірхан Пірімбет Mercedes-Benz Unimog 400 техникасын жүргізеді. Оның айтуынша, бұл көлік қала тазалығында бірнеше міндет атқара алатын әмбебап техниканың бірі.

«Мен жүргізетін Mercedes-Benz Unimog 400 – өте қолайлы әрі әмбебап техника. Оның ерекшелігі – жыл мезгіліне қарай түрлі жұмысқа бейімделеді. Жазда көшелерге су шашып, жолдар мен қоғамдық аумақтарды тазалауға пайдаланамыз. Ал қыс келгенде сол техника қар тазалау жұмысына жұмылдырылады. Сондықтан бұл техниканың елорда тазалығын қамтамасыз етудегі орны ерекше», – дейді Темірхан.

Күнделікті жұмыс бағыты берілген тапсырмаға байланысты белгіленеді. Темірхан Пірімбет алдымен Шарбақты көшесіндегі су бекетінен су алып, Сарайшық ауданындағы көшелерге жол тартады. Мұнда көшелер тазартылып, жол жабындары жуылады.

«Қаланың тазалығы бір күнде немесе бір адамның еңбегімен жасалатын жұмыс емес. Оның артында үлкен ұжымның күнделікті еңбегі бар. Бізге белгіленген аумақтар бойынша тапсырма беріледі. Әркім өз бағытына жауап береді. Көшелерді тазалап, жолдарды жуамыз. Түскі үзілістен кейін жұмысымызды қайта жалғастырып, кешкі сағат 16:00-ге дейін еңбек етеміз. Одан кейін базаға оралып, қайтадан медициналық тексеруден өтіп, электронды жолдаманы жабамыз», – дейді ол.

Елордада коммуналдық қызмет саласында еңбек ету жылдың мезгілде қарай түрлі сынаққа толы. Бірде жаздың аптап ыстығы, бірде Астананың қақаған аязы жұмысшылардан айрықша төзімді талап етеді.

«Әр мезгілдің өз қиындығы, өз ерекшелігі бар. Жаздың ыстығында да, қыстың суығында да жұмыс тоқтамайды. Әсіресе Астананың қысы оңай емес. Аязды күндері далада техникамен жұмыс істеудің өзіндік қиындығы болады. Бірақ біз өзімізге жүктелген міндетті орындауға тиіспіз. Өйткені қала тіршілігі тоқтамауы керек.

Қыстың суық кезеңінде жұмысшыларға ерекше жағдай жасалады. Бізді ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Бұл – еңбек адамына көрсетілетін қамқорлық. Осындай қолдау жұмысшыларға күш береді», – дейді Темірхан Пірімбет.

Алайда оның өміріндегі ең үлкен мақтаныштың бірі – өзінің еңбек жолын жалғап келе жатқан ұлдары. Темірхан Пірімбет үшін мамандықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы – еңбектің қадірін балаға сөзбен де, іспен де үйретудің нәтижесі.

Бүгінде оның үш ұлы әке жолын жалғап келеді. Олар да әкесінен көрген тәжірибе мен еңбекке деген жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырып келеді.

«Менің үш ұлым бар, үшеуі де менің еңбек жолымды жалғап келеді. Әрине, әке ретінде бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Балаларым әрқашан менен ақыл-кеңес сұрап отырады. Кейде техникаларында қандай да бір мәселе немесе ақау шығып жатса, хабарласып, пікірімді сұрайды. Өзім білген тәжірибеммен бөлісіп, қолдан келгенше бағыт көрсетемін.

Бірақ әкенің міндеті тек жұмысқа қатысты кеңес берумен шектелмейді. Күнделікті кешкі уақытта дастарханда бас қосқанда олардың жұмысы қалай жүріп жатқанын сұраймын. Қандай қиындықтары бар, қандай мәселеге тап болды, бәрін тыңдауға тырысамын. Өйткені еңбек адамына қолдау да, ақыл да қажет. Балаларыма әрдайым еңбекті адал атқаруды, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды айтып отырамын», – дейді ол.

Әке мен бала арасындағы бұл сабақтастық – еңбекке деген құрмет. Бір әулеттің бірнеше мүшесі күн сайын өз жұмысын атқара отырып, Астананың тазалығы мен көркеюіне үлес қосып келеді.

Темірхан Пірімбеттің  айтуынша, қаланың тазалығы тек коммуналдық қызмет мамандарының емес, барлық тұрғынға ортақ жауапкершілік.

«Астана – еліміздің ең ірі қаланың бірі. Халық саны көп, қала күн сайын өсіп, кеңейіп келеді. Соған сай тазалық мәселесіне де үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Біз өз тарапымыздан күн сайын қала көшелерінің таза әрі көрікті болуы үшін еңбек етеміз.

Қала тұрғындарының бізге деген ықыласы ерекше. Кейде қала тұрғындары мен қонақтары келіп, еңбегіміз үшін алғыс айтып жатады. Осындай жылы сөздің өзі адамға үлкен күш береді. Сенің еңбегіңді біреу байқап, бағалап жатқанын сезіну – үлкен мақтаныш», – дейді ол.

Еңбек адамы үшін қала тазалығы – қызметтік міндет қана емес, азаматтық жауапкершілік.

«Халқымыз «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» дейді. Бұл өте дұрыс айтылған сөз. Тазалықты біреуден талап етпес бұрын, ең алдымен өзімізден бастауымыз керек. Таза орта денсаулықтың да, мәдениеттің де көрсеткіші.

Мен осы жылдардағы еңбегімнен бір нәрсені анық түсіндім: жұмыла жасалған іс қашанда нәтижелі болады. Егер әр адам өз ауласына, өз көшесіне, өз қаласына жанашырлықпен қараса, үлкен нәтижеге қол жеткіземіз. Біз Астананың тазалығы үшін күн сайын еңбек етеміз. Ал қала тұрғындары тазалыққа жауапкершілікпен қараса, еңбегімізді бағаласа елордамыздың көркеюіне қосылған ортақ үлес болмақ», – дейді Темірхан Пірімбет.

Еңбек күні дәл осындай өз ісіне адал жандардың маңдай теріне құрмет көрсететін мереке. Таңғы сағат алтыда жұмыс күнін бастап, ауа райының кез келген жағдайында елорда көшелерінің тазалығы үшін еңбек ететін Темірхан Пірімбеттің отбасы кәсіптің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынын дәлелдейтін жарқын мысал.

Бірі әке тәжірибесін жинақтап, ұлдарына бағыт көрсетсе, енді бірі сол жолды жалғастырып келеді. Осылайша бір отбасының бірнеше мүшесі өз еңбегі арқылы Астананың тазалығы мен көркеюіне күн сайын үлес қосып жүр.