Ақылбек Арыстамбаев: Зейнеткерлікке шыққанға дейін автобус жүргізушісі болғым келеді


Әке жолын қуған Ақылбек Арыстамбаев автобус жүргізушісі болып 28 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қоғамдық көлікті тізгіндеп жүрген ол осы жылдарда «жұмыстан шаршадым» деп айтып көрмепті. Өйткені талай жылдан бері машықтанып алған мамандығы жанына әбден жақын. Кәнігі жүргізуші кәсібінің бұдан басқа да қырларын Elordainfo.kz тілшісіне айтып берді.
«Мен Қызылордада туып, Таразда өсіп-өндім. Әкемнің өмір бойы қалааралық автобустың жүргізушісі болғанын көріп өскесін бе, мамандық таңдар уақыт келгенде бірден: «Папа, мен автобус айдаймын», - дедім. Ол: «Балам, оқысайшы одан да!» - деген. Бірақ әкемнің маңдай тері сіңген кәсіп өзіне тартты да тұрды. Содан, 1991 жылы Тараздағы көлік жүргізу құқығы бар автослесарь мамандығы бойынша училищеге оқуға түстім. 1994 жылы «права» алып, үш жыл жүк көлігін жүргіздім. Одан соң тағы үш ай оқып, D санатын алып, автобусты тізгіндедім. 1997 жылдан бері, міне, 28 жыл болды, қоғамдық көліктің жүргізушісімін. Бірде жоғары оқу орнына тапсырғаным бар, бірақ бір айдан соң шығып кеттім, жүрегіме жақын емес еді. Расында, бәрі оқу оқып, кеңселерде отырса, кім жүргізуші болады, кім құрылысшы болады?» - деген ойын бөлісті Ақылбек Абдулұлы.

Астанаға келіп, №1 Автобус паркінде еңбек еткеніне де бақандай 12 жыл толыпты. Оның айтуынша, бұрын парктегі автобустардың көбі ескі болатын, слесарьлар аз, жүргізушілер қолдары май-май болып өздері жөндейтін көліктерін. Ал қазір парктің базасы жаңартылған, жұмысшылардың да жағдайы жақсарған.
«Бастапқыда DAEWOO деген кішірек автобусты жүргіздім, содан соң MAN, сосын Mersedes, Urban болды. Қазір су жаңа Yutong-пен №44 маршрутта жүргізушімін. «Строймарттан» бастап «Жағалау-3»-ке дейін баратын жауапты бағыт. Студенттер, қоларбамен мінетін мүмкіндігі шектеулі жандар көп. Оларға пандустарды түсіріп, автобусқа ыңғайлы орналасып алуға жағдай жасаймыз. Бір жақсысы, №44 маршрутқа тұрғындардың тарапынан түсіп жатқан арыз-шағым жоқ. Өзім аса даукес жолаушыларды әлі кезіктіре қойған жоқпын, ал көпшіліктің пешті қосып-ажырату, автобустың қай аялдамаларға тоқтайтынын сұрау тәрізді тілектеріне жөнімен жауап береміз. Адамдармен тәжікелесуге болмайды, өйткені айқай-шу шығуы мүмкін. Көпшілік те жүргізушілердің жұмысының оңай емес екенін, таңнан қара кешке шейін екі көзі жолда, назары көлік толы халықта екенін түсінеді деп ойлаймын», - дейді автобус жүргізушісі.
Оның айтуынша, №44 бағытындағы автобус бір шетке жету үшін 1 сағат 10 минут жүрсе, бір айналымды 2 сағат 20 минутта жасайды. Осылайша белгіленген бағытқа төрт рет барып-қайтады. Сөйтіп, жүргізушінің таңда басталған жұмысы түнде аяқталады.
«Жұмысқа кезекші көлікпен таңғы 05.00-те жетеміз. Жолдама алып, дәрігерлік тексеруден өтіп, көлігімізді бақылап, жанармай құямыз. Жолаушылар тасымалына сағат 06.15-те шығамыз. Таңертеңгі «интервалымыз» 8 минут, өйткені бұл уақытта оқуға, жұмысқа шыққан халықтың қарасы көп болады. Одан кейін 10 минутқа ұзарады. Өзіміз бір тәулік жұмыс істеп, бір тәулік демаламыз», - дейді маман.

Бұл орайда ол таңертең ерте тұруға байланысты өзінде жүргізушілерде болатын әдет қалыптасқанын да әзілдеп айтты.
«Жұмысқа таңсәріден оянғандықтан ба, демалыс күндері 06.00-07.00-ге дейін ұйықтап жата алмаймын. Әдеттегідей сағат 04.00-04.30-да тұрып кетіп, үйдің маңында бір-екі сағат жаяу жүріп келемін», - дейді ол.
Жас кезінде таэквондомен айналысып, қызыл белбеудің иесі болып, спорт шебері атанған ол қазір де спорттан тым алшақтап кетпеді. Ұлымен бірге үйде турникке тартылып, гантель көтеріп, денесін жаттықтырып тұрады. Ал мұндай жаттығулар автокөлік жүргізушілерінің «кәсіби ауруы» – омыртқа ауруы, аяқтың қанайналымының төмендеуі сияқты кеселдермен күресуге көмектеседі.
«Байқасаңыз, жаңа автобустардың төбесінде турникке ұқсас доғалдар бар. Мен ара-тұра соларға тартылып, күні бойы бүктетіліп отырған омытқамды созып аламын. Үзілістерде 20 рет отырып-тұрып, дененің қанайналымын жақсартып аламын. Мұны көрген жастар: «Аға, не істеп жатырсыз?» - деп қасыма келеді. Кейін бірқатарының осы жаттығуларды қайталап жатқанын көремін», - дейді Ақылбек Абдулұлы.

Жалпы, бұл ғана емес, жастар сыйлы маманның басқа да ақыл-кеңестеріне құлақ түреді. Ал тәжірибелі жүргізушінің оларға айтатыны, ең алдымен, мейірімді болу, сабырлы болу. Өйткені қоғамдық көлікті жүргізу үшін осы қасиеттер керек, олай болмаған жағдайда салонның ішіндегі айқай-шудан бастап, соңы жақсылыққа апармайтын жағдайлар болуы мүмкін. Ал көпті сыйлап, асау мінезін тізгіндей алмайтындар жұмысқа шыдай алмай, шығып кетіп жатады екен. Айтқандай-ақ, бұл автопаркте жүргізуші болып орналасқысы келетін үміткерлер әуелі басшының алдынан емес, психологтың бақылауынан өтеді.
«Сабырлы болу түрлі жол-көлік оқиғаларының да алдын алады. Қоғамдық көліктің жүргізушісі жолда, ең алдымен, өзіне ғана жауап беруі керек. Автобустың арнайы жолы болғанның өзінде жеңіл автокөлікті тізгіндеген жастар кимелеп, жолды кесіп өтем деп жатса, ерегеспей, жібере салу керек. 1-2 минуттан ештеңең кетпейді, баратын жерден қалмайсың, бірақ болуы мүмкін апаттардың алдын алуың мүмкін. Өйткені жол ережелерін бұзатындар көбіне жастар ғой. Әрі біздің паркте валидация жоқ, сондықтан оны алу үшін жарысқа түсіп, жанықпаймыз», - деген ойда ол.
Таңғаларлығы, сабырлы болумен қатар тумысынан көпшіл жан күні бойғы автобустағы ығы-жығы қарбалас пен у-шудан аса қажи қоймайды екен.
«Өйткені адамдармен араласып-құраласып отырғанды жақсы көремін. Ал қоғамдық көлікке жасы үлкен кісілер жиі отырады. Жөн сұрасып, бата-тілегін айтып жатады. Ал кешке үйде жарым мен балаларым құшағын жайып қарсы алады. Мұндайда күні бойғы шаршағаныңды ұмытып та кетесің», - дейді автобус жүргізушісі.

Әлбетте, Ақылбек Абдулұлының бұл қасиеті мен жұмысына деген адалдығын халықпен бірге басшылық та ескеретіні белгілі. Соның нәтижесінде болуы керек, ол №1 Автобус паркіне 50 жыл толуына орай «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталыпты. Ал жүргізушілер жылына бір рет қомақты қаржы алады екен. Бұдан басқа 55 жастан асқан қызметкерге стоматологиялық қызмет тегін, кәсіподақ жанынан 70 пайыз жеңілдікпен шипажайларға да баруға болады.
Дегенмен майталман жүргізуші 17 жастағы ұлының қызығушылығы мүлдем бөлек екенін айтады. Кенжесі үйдегі жеңіл көліктің рөліне де отырмайды екен. Жасөспірімнің бар назары ағылшын тілі мен жаңа технологияға ауған. Әрі осы бағытта жеткен жетістіктері де жоқ емес. Ал көзін ашқалы көліктің «шылбырын» ұстаған Ақылбек бұдан әрі қарай да автобус жүргізушісі ретінде халыққа қызмет ете бермек.
«Алла жеткізсе, зейнеткерлікке шыққанға дейін автобус жүргізушісі болғым келеді», - дейді мамандығына адал адам.




