«Ұлттық киімдер заманауи үлгіге ауысу үшін стандарт бұзылуы қажет» – дизайнер

18 наурыз, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
«Ұлттық киімдер заманауи үлгіге ауысу үшін стандарт бұзылуы қажет» – дизайнер
Фото: Спикердің жеке мұрағатынан

18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай Elordainfo.kz тілшісі этно-дизайнер Қазипа Қалиқызымен ұлттық киімдер қалай өзгеріп жатқаны туралы әңгіме өрбітті.

Дизайнердің сөзінше, ұлттық киімді заманға сай бейімдеу қажет.

«Ұлттық нақыштағы киімдерге қызығушылық пен сұраныс артып жатыр. Себебі ою-өрнектермен безендірілген киімдер заман талабына сай тігілуде. Икемделудің бірнеше шарты бар. Біріншіден, ұлттық үлгідегі киім бір стандартта болмауы керек. Мәселен, бұрын  өрнектер көбінесе киімнің жағасында, жеңінде болатын. Ал енді заманауи үлгіге ауысу үшін стандарт бұзылуы қажет болмаса ыңғайлы басқа тәсілін қарастыруымыз керек. Яғни дизайнер ою-өрнектердің композияцуиясын құрастырған кезде басымдылық қай жерде болатынын ойластырады. Екіншіден, байқасаңыз, қазіргі киімдер жүруге ыңғайлы болу үшін еркін стильде тігіледі. Үшіншіден, бұрын қыз-келіншектерге болсын, ерлерге болсын ұлттық киімдер бархыт матадан тігілсе, қазір заманауи стильде мата таңдамайды. Бастысы мата денеге қонымды, түстері бір-бірімен үйлесімде болуы қажет», - деді этно-дизайнер.

Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгінгі таңда әсіресе жібек матадан тігілген көйлектер мен киім-кешектер аруларға нәзіктік сыйлайды.

«Сатып алушылар алдымен матаның сапасына ерекше мән береді және киімнің денеге қонымды болуы да аса маңызды рөл ойнайды. Киімге салынатын ою-өрнектердің көлемі  көйлектің пішіміне қарай үйлесімділікпен қондырылуы керек», - деді спикер.

Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазипа Қалиқызының айтуынша, қыз-келіншектер өз гардеробынан ұлттық нақыштағы бір немесе бірнеше киімді көргісі келеді. Себебі олар мерекелермен қоса, күн сайын да киюге ыңғайлы етіп тігілген. Этно-дизайнер тігетін киімнің матасына аса мән беретінін жеткізді. Ол «қолымнан шыққан кез келген дүниенің ерекше болғанын қалаймын» деді.

Фото: Оңалхан Өнерхан

«Ұлттық нақыштағы киім-кешектер бұрын арнайы мерекелерде ұлықталса, бүгінде күнделікті өмірде кию сәнге айналған. Себебі олар орын, жас, маусым таңдамайды», - деді Қазипав Қалиқызы.

Он саусағынан бал тамған дизайнердің жұмыстарының көпке ұқсамайтын ерекшелігі бар. Оның киімдерге салынған ою-өрнектері қайталанбайды. Бастысы оның қолынана дүниелерінде түстер көп болғанымен бір-бірімен үйлесімділік тапқан. 

Фото: Оңалхан Өнерхан

Ұлттық дүниелерді сатумен қоса, ол түрлі көрмеге қатысып тұрады. Елімізде өткен EXPO халықаралық көрмесінде, Көшпенділер ойындарында өз дүниелерін сатылымға шығарды. Айтуынша, шетелдіктер арасында ұлттық нақыштағы дүниелерге қызығушылық та, сұраныс та жоғары.

Фото: Оңалхан Өнерхан

Бір атап өтерлігі, оюлы киімдер киіп жүруден арулардан ер-азаматтар да қалыс қалып жатқан жоқ. Ер-азаматтар тарапынан да оюлы костюмдер тіктіруге тапсырыс артқан. Оның ою-өрнектері жағасының орта тұсында, иығында салынған.