Елордада үздік кәсіби суретшілер марапатталды


Бейбітшілік және келісім сарайында Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар: салттың сырлы бейнесі» атты республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Байқауға ел өңірлерінен 137 кәсіби суретші қатысты. Олар қазақтың мәдени құндылықтарын шебер бейнелеп, өз еңбектерін пейзаж, натюрморт және сюжетті картина жанрларында ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына ерекше көркемдік көзқарас бейнеленген үздік жұмыстар таңдалды. Бұл туындылар заманауи көркемдік техникалар мен дәстүрлі мотивтерді үйлестіріп, ұлттық мұраны жаңаша пайымдайды.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов барлық қатысушылар мен қонақтарға алғыс білдіріп, ұлттық болмысты өнер арқылы сақтап, насихаттаудың маңызын атап өтті. Ол мұндай бастамалар суретшілердің шығармашылығын жаңа деңгейге көтеруге, қоғамға елдің бай мәдени мұрасын тереңнен танытуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Бұл байқау – суретшілердің шеберлігін танытатын өнер додасы ғана емес, ең алдымен ұлттық өнердің көкжиегін кеңейтетін маңызды қадам.
Осындай бастамалар арқылы біз төл мәдениетімізді заман талабына сай жаңғыртып, суретшілерге қолдау көрсетіп, олардың шығармашылығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береміз.
Байқауға қатысқан барлық суретшілерге халқымыздың бай мәдениетін, салт-дәстүрін, бабалар аманатын өнер тілімен өрнектеп, ел руханиятын байытуға қосқан зор үлестері үшін ерекше алғыс білдіреміз», – деді вице-министр.
Байқау жеңімпаздары:
Гран-при – Оралбек Қабөке «Өмір есігі»;
I орын – Қами Айтқалиев «Ас»;
II орын – Үміт Жұбанышева «7 күлше»;
III орын – Әсет Жақыпбек «Ақ күйме».
Байқау аясында қазақ халқының ұлттық құндылықтарын жан-жақты көрсететін көрме ашылды. Қонақтар қазақ халқының дәстүрлері, тұрмысы мен философиясының заманауи көрінісін тамашалай алады. Көрме екі ай бойы жұмыс істейді.



