Елордада «Капулетти мен Монтекки» операсының премьерасы өтеді


Astana Opera халықаралық опера академиясы Винченцо Беллинидің «Капулетти мен Монтекки» операсының премьерасын дайындауда. Билік, парыз, менмендік пен саяси шиеленістің арасынан суырылып шыққан махаббат жайлы хикая 26 маусымда көрермендерге «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында ұсынылады, деп хабарлады Elordainfo.kz «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Феличе Романи либреттосының негізіне ешқандай да шекспирлік жолдар емес, XVI ғасырдағы Италия тарихы арқау болған. Бұл кезеңде Капулетти мен Монтекки жауласушы әулеттер емес, нағыз саяси күштер еді.
Қойылым танымал шеберлерге сеніп тапсырылған: қоюшы дирижер ретінде «Құрмет» орденінің кавалері маэстро Руслан Баймурзин еңбектенсе, режиссураны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайников өз мойнына алды, ал хордың жұмысына «Астана Операның» бас хормейстері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов жауап берді. Вокал коучтері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Жұпар Ғабдуллина мен Джузеппе Акуавива (Италия) академия тыңдаушыларына бейнелерді ашуға, осынау күрделі музыканың егжей-тегжейлі нюанстарымен жұмыс істеуге көмектесуде.
Тибальттың партиясын Абылай Бекен, Біләл Қуаныш дайындауда, Ромеоның бейнесін Василиса Савкина жүзеге асырады, Капеллио - Шыңғыс Расылхан. Лоренцоның партиясында Сұлтан Бақытжан, Әділ Сұлтан сахнаға шығады. Джульеттаның рөлінде Айгерім Темірбекова мен Дильназ Омарханова өнер көрсетеді.
«Академия тыңдаушылары үшін бұл қойылым – нағыз мектеп. Мұнда вокалдық шеберлік маңызды, алайда трагедияны сахнада өн бойыңнан өткізе білу қабілеті одан да маңыздырақ. Жас орындаушылар ансамбльде жұмыс істеуді, серіктестерімен өзара әрекет етуді, кейіпкерлердің ішкі мотивациясын түсінуді үйренуде. Мен үшін олардың музыкалық тұрғыда ғана емес, сахналық жағынан да ойлауы маңызды. Мен мұны әртіс ретінде және сонымен бірге тұлға ретінде жетілу тәжірибесі деп айтар едім. Қойылымның идеясы – шынайы махаббат әрқашан биліктің мүдделеріне қайшы келетінін көрсету. Біз романтизациядан саналы түрде алшақ кеттік. Біз үшін бұл – саяси алауыздықтың бағасы туралы хикая, онда сезім тұйыққа тірелген. Олардың махаббаты таңдауға құқық бермейтін жүйенің ішіндегі айғай тәрізді», - деп әңгімеледі қоюшы режиссер Евгений Чайников.
Ол «Әртістердің қолынан келіп жатыр ма?» деген сауалға «олар тапсырманы құлшыныспен әрі жанкештілікпен орындауда» деп жауап берді.
«Мен олардан шынайы әрі қарапайым болуларын сұраймын, сахнада ойнау емес, өмір сүру керектігін айтамын. Әлбетте, бұл ішкі тәртіп пен толысуды талап етеді. Десе де мен олардың өскенін, интонация, мағына мен детальдерді тапқанын әр дайындық сайын байқаймын. Әрине, бұл шабыттандырады», - деп қорытындылады Е.Чайников.
Қоюшы дирижер Руслан Баймурзин бұған дейін «Астана Операда» Винченцо Беллинидің операларынан жекелеген ариялар ғана шырқалғанын атап өтті.
«Бұл композитор – қазақстандық сахналардағы расымен сирек мейман, оның толыққанды туындысына жүгіну мүмкіндігі сонысымен құнды. Беллинидің музыкасы – бұл нағыз bel canto, таңғаларлық әсемдік пен күрделілік мәнері. Ол вокалистен техникалық мінсіз тазалықты ғана емес, сондай-ақ зор эмоциялық қайтарымды да талап етеді. Солистеріміз үшін бұл бір жағынан сынақ және шабыт көзі, себебі ол жаңа стилистикаға, басқа музыкалық әлемге жетелейді. Еуропа мен Америкада оның шығармашылығы көптеген опера театрларының репертуарына енген, ал бізде ол сирек орындалады. Сондықтан көпшілік біле бермейтін ерекше және сондай мәнерлі туындыны тыңдау көрермендерге қызықты болады деп ойлаймын. Беллини – әншілік шеберліктің жоғары деңгейі.
Қойылымдық топ партитураны қазіргі заманға бейімдеуді, нақтырақ айтсақ Ромеоның партиясындағы меццо-сопраноны тенорға ауыстыруды ойлағанын маэстро жасырмады.
«Алайда біз бұл ойдан саналы түрде бас тарттық. В.Беллини мұндай дыбыстық үйлесімді бекер таңдаған жоқ: Джульетта мен Ромеоның дуэттері, сопрано мен меццо-сопрано, таңғаларлықтай балғын естіледі, олар айрықша тембрлік өрімге толы. Әлемдік репертуарда мұндай дуэттер көп емес, сондықтан біз автордың ойын сақтау маңызды деп ұйғардық. Қалай дегенмен де театр – бұл жанды өнер, бірақ ол түпкі деректемеге құрметпен қарауды талап етеді. Жаңа көзқарасқа қаншалықты ашық болғанымызбен, классиканы өз еркімізбен өзгертуге құқығымыз жоқ. Костюмдер және грим бойынша суретшілердің жұмысы мінсіз болуы маңызды, себебі көрермен еркектің рөліндегі әйелді емес, сахнада сомдалған толыққанды кейіпкерді көруі тиіс. Мұндай тәжірибе әлемнің барлық жетекші театрларында сақталады, сол үшін біз де оны айналып кете алмаймыз», - деп пікірін қосты Руслан Баймурзин.
«Беллинидің оркестрлік негізінде оның дәуіріндегі композиторлар Россинимен және Доницеттимен жақындық сезілетіні қызық. Партитура оркестрден стилистикаға ерекше көзқараспен келуді талап етеді. Мұнда оркестр әншілерді сүйемелдеп қана қоймайды, сондай-ақ толыққанды әрекет етуші тарапқа айналады. Ол драмалық сызықты бастап, мінезді, ішкі қақтығысты және ең маңыздысы махаббатты жеткізеді. Алауыздық пен соқыр нанымға қарамастан, махаббат осынау музыкалық әлемнің орталығы болып қала береді», - деп қорытындылады маэстро.
Astana Opera халықаралық опера академиясының «Капулетти мен Монтекки» спектаклінің премьерасы «Опералия» фестивалінің маңызды дебюттерінің біріне айналды.
Спектакльдің басталуы 19:00-де.



