БҚО-да ер адам алимент төлемеу үшін азаматтығын ауыстырып жіберген
Батыс Қазақстан облысында әке балаларына алимент төлемеу үшін төлқұжатының деректерін өзгертіп, Ресей азаматтығын алған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ІІМ-нің мәліметінше, 48 жастағы ер адамға алимент төлемегені үшін іздеу жарияланған. Жедел іздестіру шаралары барысында оның Ресейде тегі мен әкесінің атын өзгерткені, содан кейін Ресей паспорты мен азаматтығын алғаны анықталды.
Мәліметтерді алмастыру арқылы ер адам Қазақстан шекарасын бірнеше рет кесіп өтіп, құқық қорғау органдары мен шекара қызметтерін жаңылыстырған.
«Қос азаматтық фактісі расталып, ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот тәртіп бұзушыға 540 мың теңге айыппұл салды», – делінген ІІМ хабарламасында.
Сондай-ақ департамент 2024 жылы қос азаматтықтың 57 фактісі анықталғанын, полиция мұндай заң бұзушылықтарды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті.