«12 жыл бойы қорлық көрдім»: Атырауда депутаттың бұрынғы әйелі Президентке үндеу жолдады

3 ақпан, 2025
Ғани Атымтай Ғани Атымтай
«12 жыл бойы қорлық көрдім»: Атырауда депутаттың бұрынғы әйелі Президентке үндеу жолдады
Фото: Айбар Ерекешов пен Лугзана Байлауованың facebook-парақшасынан

Әлеуметтік желіде Атырау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана - Нұржамал Тәжіғалиева есімді әйелдің бұрынғы күйеуі - облыстық мәслихат депутаты Айбар Ерекешовтен 12 жыл бойы қорлық көріп келе жатқанын айтып, Президентке үндеу жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

«Ұрып-соғып, бетіме түкіріп, қорлады»

Тұрғын желідегі парақшасында бұрынғы күйеуінің 12 жыл отау құрған кезде өзін үнемі ұрып-соғып, қорлағанын айтады. 

«Ол мені үнемі келекелеп, кемсітіп, ұрып-соғып, бетіме түкіріп, қорлады. 2018-2023 жылдары бала емізу кезінде мені қатты ұрып, денсаулығыма орташа дәрежедегі зиян келтірді. Баланы емізіп отырғанымда ұялы телефонмен басымнан ұрып, үлкен салмағымен үстіме отырып қорлауына байланысты полицияға екі арыз түсірдім. Оның және ата-анасының көндіруімен арызымды қайтарып алдым, әсіресе, бұдан үш жыл бұрын депутаттыққа сайланарда қатты өтінген болатын. Ажырасқаннан кейін күйеуім материалдық қолдау көрсетпей, алимент бойынша қарызы сот шешімімен 5 млн 989 мың теңгеге жетті. Қазіргі уақытта жеке сот орындаушылары Ерекешовтің құқықтарына шектеулер (тәркілеу, нотариаттық операцияларға тыйым салу және т.б.) қойып тастады», - дейді жәбірленуші.

Оның айтуынша, Ерекешов алимент төлеуден жалтарып жүрген көрінеді.

«Енді ол алимент төлемеу үшін балаларды қамқорлыққа алуға сотқа шағым түсіріп отыр. Ерекешовтің үстінен үш бап бойынша қылмыстық іс көтерілуі қажет деп есептеймін: қорлау, денсаулыққа әртүрлі ауырлықтағы зиян келтіру, алимент төлеуден қасақана жалтару. Полиция қызметкерлерінің қорғау нұсқаулығын тиісті түрде орындауын және балаларымды тәрбиелеп отырған маған тиесілі пәтерлерге дау айту және балаларды алып кету әрекеттерін тоқтатуды талап етемін», - деген Тәжіғалиева өз жазбасында.    

Алайда мәслихат депутатының да айтар өз уәжі бар. Ол facebook-парақшасында тікелей эфирге шығып, бұрынғы әйелінің ақпараты жалған екенін, үйге мас болып келіп, тайып жығылып, басын жарып алғанын айтады.

«Нұржамал емізулі баланы тастап, Еуропаға кетіп қалды»

«Құрметті Қазақ елі, атыраулықтар, болған жағдайға байланысты алдымен кешірім сұрағым келеді. Болып жатқан жағдай менің бұрынғы жолдасым Тәжіғалиева Нұржамалдың ғаламторда шығарған жалған айыптарына байланысты болып жатыр. Менің адресіме келіп жатқан айыптаулардың бәрі «клевета» десе болады. Мен бұл азаматшамен 2023 жылы заңды түрде ажырасқан болатынмын, ол 2018 жылғы жағдай деп көрсетеді. Нұржамал сол жылы үйге алкогольдік ішімдік ішіп, мас болып келіп, аяғы тайып құлап, басын жарып алды... Біздің өсіріп келе жатқан ортақ балаларымыз бар, Нұржамалдың ойланбай жасаған іс-әрекеті жауапкершіліктен алыс, эгоист екенін көрсетіп отыр. Менде Нұржамал құсап бейнежазбаны сақтап, ажырасамын деген ой болған жоқ. Өзі басын жарып алды, ол көлікпен апатқа түсті, бұғанасын сындырды, бетін зақымдады. Ол фотода беті қан, өзі бірақ күліп түскен. Менің кінәм жоқ, адам екі нәрседен қателеспеуі керек, бірі - мамандық таңдауда, екіншісі - жар таңдауда», - деді Айбар Ерекешов.

Депутат Ерекешовтің айтуынша, ол алимент төлеуден қашпайды.

«Ажырасу себебіміз, 2023 жылы Нұржамал Еуропаға бір ай шамасына ешкімнен рұқсат сұрамай, емізулі баланы тастап, кетіп қалды. Келгеннен саусағымның ұшын тигізбестен, сотқа арыз беріп тастадым. Ажырасу кезінде ортақ мүлік жөнінде өзара келісім болды, екі пәтер, көлікті маған бересің, алимент талап етпеймін деді. Биыл жазда балаларды мен алайын деді, бердім. Қарашада балаларды тастап, Алматыға кетіп қалғандықтан төрт баланы мен алып кеттім. Үлкен қызым бізбен қалғысы келіп, мен бармаймын деп қиғылық шығарды. Мен ақиқатты айтып отырмын, біз ажырасқанда ол алиментке беріп тастапты. Бірақ оны білмедім, мен алимент төлеуден қашпаймын», - дейді ол. 

Полиция не дейді

Бұл жағдайға байланысты Атырау облыстық Полиция департаменті түсінік берді.

«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жазбада жарияланған фотосуреттер 2018 және 2023 жылдары түсірілген. 

1987 жылы туған азаматқа қатысты оның арызы бойынша 2018 және 2023 жылдары қорғау нұсқамалары шығарылып, кейін арызданушының  өтініші бойынша қайтарып алынған. Алайда 2024 жылы азаматшаның өзінің де, бұрынғы күйеуінің де арызы негізінде қайтадан қорғау нұсқамасы шығарылды. Мәлімдемелерге сәйкес, тараптар телефон қоңыраулары арқылы бір-бірін әлденеше рет мазалаған. Полицейлер заң аясында барлық қажетті шараларды алғанын хабарлаймыз», - делінген полиция хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада отбасылық зорлық-зомбылықтың 247 дерегі тіркелгенін жазған едік.