Астанада отбасылық зорлық-зомбылықтың 247 дерегі тіркелді
Астана қалалық Полиция департаменті тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтардың деңгейін төмендету және қоғамда қауіпсіз әрі тұрақты жағдай қалыптастыру мақсатында елордада «Тұрмыс» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараның қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау бағытында оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Жедел алдын алу шарасының шеңберінде полиция қызметкерлері ішкі істер органында есепте тұрған 2 066 азаматты тұрғылықты жері бойынша тексерді.
«Аталмыш шара барысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 247 дерек тіркелді. Құқық бұзушыларға қатысты 458 қорғау нұсқамасы шығарылды, сот құқық бұзушының мінез-құлқына 50 ерекше талап қойды, 820-дан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 1 адам алкогольге және есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы бойынша 1 қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.
Профилактикалық жұмыс мақсатында құқық бұзушылыққа бейім 1 123 адаммен профилактикалық әңгіме жүргізілді.