Астанада жастар мен зейнеткерлер үстел теннисінен жарысты

Бүгін, 13:32
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада жастар мен зейнеткерлер үстел теннисінен жарысты
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Қарттар айлығы аясында елорданың Байқоңыр ауданында аға буын мен жастарды спорт арқылы біріктірген тағылымды кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Байқоңыр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлер мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері арасында «Бірлік. Достық. Спорт» атты үстел теннисінен жолдастық турнир ұйымдастырылды. Іс-шараны Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров ашып, қатысушыларға ақжолтай тілегін білдіріп, сәтті ойын тіледі.

«Мұндай кездесулердің маңызы зор. Спорт – денсаулықты нығайтумен қатар, адамдарды жақындастыратын, достықты бекемдейтін орта. Бүгінгі басқосу арқылы жастар мен аға буын өкілдерінің өзара қарым-қатынасын нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруды көздеп отырмыз. Байқоңыр ауданындағы үстел теннисі үйірмесіне 80-ге жуық зейнеткер тұрақты қатысады. Орталықта спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған», - деді Орталық директоры Серік Жолаушыұлы.

Жолдастық кездесу барысында қатысушылар үстел теннисінен өзара бақ сынасып, спорттық шеберліктерін көрсетті. Турнирге барлығы 8 жұп қатысып, тартысты  ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе, зейнеткерлердің ширақ қимылы мен спортқа деген қызығушылығы жастарға үлгі болды.

Іс-шараның басты мақсаты – аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, дене белсенділігін арттырумен қатар, жастар мен қарттар арасындағы достық байланысты нығайту.

Басқосу барысында қатысушылар тек спорттық сайыста ғана емес, өзара пікір алмасып, еркін әңгімелесіп, көтеріңкі көңіл күймен уақыт өткізді. Мұндай кездесулер әр буын өкілдерінің бір-бірін жақынырақ танып, тәжірибе мен ізгі ниет алмасуына мүмкіндік береді.

Кеш соңында турнирге қатысушылардың барлығына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

«Бірлік. Достық. Спорт» атты жолдастық кездесу салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қоғамдағы ұрпақтар сабақтастығы мен өзара сыйластықтың маңызын тағы бір мәрте айқындады.