Елордада мүмкіндігі шектеулі азамат референдумда дауыс берді
Астана қаласының №482 сайлау учаскесінде дауыс беруге келушілердің қарасы қалың. Таңғы уақыттан бастап тұрғындар азаматтық борыштарын орындау үшін учаскеге ағылып, өз таңдауларын жасап жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Маңызды саяси науқаннан мүмкіндігі шектеулі азаматтар да тыс қалмады. Олар арнайы келіп, ел тағдырына қатысты шешімге өз үлестерін қосып, дауыс берді.

«Бұл — еліміздің болашағына қатысты шешім қабылданатын жауапты кезең. Осындай уақытта әр азамат сырт қалмай, өз пікірін білдіруі керек деп ойлаймын. Сондықтан бүгін учаскеге арнайы келіп, дауыс бердім. Елдің дамуы мен тұрақтылығы бәрімізге ортақ, сол себепті әрқайсымыз өз таңдауымыз арқылы оған үлес қосамыз», — деді №482 учаскеге келген тұрғындардың бірі Еркін Қасымұлы.
Сонымен қатар, сайлау учаскесіне дауыс беруге келген тұрғындарға мерекелік көңіл күй қалыптастыру мақсатында бауырсақ таратылды.

Айта кетейік, референдум барысында сайлау учаскелерінде барлық азаматтарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалған. Бұл олардың да ел өміріндегі маңызды шешімдерге белсенді қатысуына мүмкіндік береді.