Референдум-2026

Прокуратура қызметкерлері әзірлеген алғашқы цифрлық жасанды интеллект құралдары таныстырылды

Прокуратура қызметкерлері әзірлеген алғашқы цифрлық жасанды интеллект құралдары таныстырылды
Фото: Бас прокуратура

ҚР Бас прокуроры Берік Асылов жасанды интеллект саласындағы әлемге әйгілі сарапшы Кай-Фу Лимен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шарада прокуратура қызметкерлері өздері әзірлеген алғашқы цифрлық жасанды интеллект құралдарын таныстырды. Мұндай нәтижеге қазақстандық Q.AI компаниясымен ынтымақтастықтың арқасында қол жеткізілді.

20-дан астам прокурор дәстүрлі бағдарламалау дағдысынсыз жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік беретін озық Vibe Coding әдісі бойынша қарқынды оқудан өтті.

Кездесу барысында қадағалау органының басшысы мен доктор Кай-Фу Лиге екі пилоттық өнім таныстырылды:

– Тергеушінің ЖИ-көмекшісі (қылмыстық схемалар генераторы) – қылмыстық істер бойынша мәтіндік анықтаманы автоматты түрде талдап, бірнеше секунд ішінде көрнекі схемалар құрастыратын бірегей алгоритм. Жасанды интеллект қылмыстың мән-жайын өздігінен анықтап, қатысушылар арасындағы жасырын байланыстарды айқындайды және негізгі дәлелдемелерді жүйелейді. Парақорлық пен жалған шот-фактураларға қатысты істерде сынақтан өткен бұл құрал прокурорларды техникалық сипаттағы күнделікті жұмыстан босатып, уақытты айтарлықтай үнемдейді.

– Үлкен деректердің ЖИ-талдаушысы – қылмыстық статистиканың бір жылдық көлемін небәрі 15 минут ішінде өңдей алатын жүйе. Нейрожелі құқық бұзушылықың түрі мен демографиялық көрсеткішін көрнекі түрде бейнелейтін интерактивті дашбордтар қалыптастырады. Бұл шешім мемлекеттік деңгейде алдын алу шараларын қабылдау үдерісін түбегейлі жеделдетуге мүмкіндік береді.

«Бүгін біз Бас прокуратураның цифрлық жетілу деңгейінің жоғары екенін көріп отырмыз. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет он жыл ішінде қоғам игілігі үшін – азаматтарды алдын ала қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға болатын орасан зор деректер қорын жинақтады. Кодтың бірде-бір жолын жазбаған қызметкерлер адамның мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары жылдамдықпен деректерді өңдей алатын өнімдер әзірлеуде», – деді Кай-Фу Ли таныстырылым барысында.

Кездесу қорытындысы бойынша әзірлеуші прокурорларды одан әрі оқыту, сондай-ақ ведомство көлемінде жүйелі «ЖИ қабатын» енгізу үшін басым пилоттық кейсті айқындау жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Жасанды интеллект саласындағы үздік шешімінің авторы атанған прокурорларға алғыс хаттар табысталды.

«XXI ғасырда басты детектив алгоритмдер болады. Егер бұрын қылмыскерді саусақ ізі әшкерелесе, енді оны мінез-құлық моделі әшкерелейді. Біз ұры-қарақшы және зорлық-зомбылық жасаушылардың күмәнді мінез-құлық үлгісін анықтау үшін бейнеағындарды талдау мүмкіндігіне жақындап келеміз. Қылмыскер жүзін жасыра алады, бірақ өзінің мінез-құлқын жасыра алмайды. Осылайша қылмыстың алдын алу және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету тетіктері күшейеді. Заңның алдын ала әрекет ету мүмкіндігі артады», – деп атап өтті Берік Асылов кездесуді қорытындылай отырып.

Еске сала кетсек, Астана прокуратурасы алаяқтықтың кең таралған схемаларын атады.