Референдум-2026

Астана прокуратурасы алаяқтықтың кең таралған схемаларын атады

Бүгін, 17:01
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астана прокуратурасы алаяқтықтың кең таралған схемаларын атады
Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

Астана қаласының прокуратурасы алаяқтықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі – құқық бұзушылықтардың, оның ішінде алаяқтық қылмыстарының алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау. Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұра ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Шаһрирамадан Сұлтан айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Спикердің сөзінше, Нұра ауданының прокуратурасы полиция органдарымен және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, азаматтардың мүлкі мен заңды мүдделеріне қарсы бағытталған қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алаяқтықтың жаңа тәсілдерін анықтау және оның алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары, профилактикалық іс-шаралар және ақпараттық науқандар ұйымдастырылуда.

«Қазіргі таңда азаматтар жиі кездесетін алаяқтық түрлерінің қатарында міндеттемелерді орындамай қызмет көрсету немесе жұмыс орындау сылтауымен алдын ала төлем алып, міндеттемелерін орындамау, сатып алу-сату мәмілелері кезінде алдау, мүлікті жалға беру барысында қаражатты жымқыру фактілері бар. Сонымен қатар цифрлық технологиялардың дамуына байланысты интернет-алаяқтық түрлері де кең таралуда. Қылмыскерлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді (Instagram, WhatsApp, Telegram), жалған интернет-сайттарды, фишингтік хабарламаларды пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіру арқылы ақша қаражатын иемденеді. Сонымен қатар, қазіргі таңда алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Ең кең таралған алаяқтық схемаларының қатарында: жөндеу жұмыстарын орындау немесе қызмет көрсету сылтауымен алдын ала төлем алып, кейін өз міндеттемелерін орындамау; туристік сапарларды, әуе билеттерін немесе қонақүйді брондау қызметтерін ұсыну арқылы ақша қаражатын иемденіп, уәде етілген қызметті көрсетпеу; өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды «қауіпсіз шотқа» ақша аударуға, банк картасының деректерін немесе SMS арқылы келген растау кодтарын айтуға мәжбүрлеу; әлеуметтік желілер арқылы техника, көлік және өзге де мүлікті жалға алу туралы келісім жасап, алынған мүлікті қайтармау немесе заңсыз иемдену; жоқ немесе басқа тұлғаларға тиесілі пәтерлерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялап, кепілақы немесе алдын ала төлем алу; интернет арқылы жалған инвестициялық жобаларды, трейдинг платформаларын немесе ақылы оқыту курстарын ұсынып, азаматтардың қаражатын иемдену; фишингтік сілтемелер арқылы мессенджер аккаунттарына қол жеткізіп, кейін аккаунт иесінің атынан оның туыстары мен таныстарынан ақша сұрау. Осыған байланысты азаматтарды кез келген күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарап, жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін және SMS арқылы келетін растау кодтарын үшінші тұлғаларға бермеуге шақырамыз», - деді ол.

Қазіргі таңда қаржылық және тұрмыстық қызметтердің цифрландырылуы салдарынан алаяқтық қылмыстарды қашықтан жасау мүмкіндігі артқан. Сол себепті құқық қорғау органдары мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуде.

«Нұра ауданының прокуратурасы халықтың түрлі санаттарымен тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Атап айтқанда, мектеп оқушыларына, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне, оның ішінде М.С. Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЗУ университетінің білім алушыларына, сондай-ақ жұмыс істейтін азаматтар мен зейнеткерлік жастағы адамдарға алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізген. Сонымен қатар азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында профилактикалық бейнероликтер дайындалып, ақпараттық материалдар таратқан. Прокуратура органдары алаяқтықтан зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғауға және келтірілген залалды өтеуге ерекше назар аударады. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес, заңды негізсіз өзгенің мүлкін немесе ақшалай қаражатын иемденген тұлға оны қайтаруға міндетті. Бұл талап «дропперлерге» де қатысты. Яғни, алаяқтардың ұрланған ақшаны алу немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін өздерінің банк карталарын пайдалануға берген тұлғалары да азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Егер мұндай тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылмаса да, жәбірленуші сот арқылы оның картасы арқылы өткен қаражатты өндіріп алуға құқылы», - деді спикер.

Іс жүзінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жасалған алаяқтықтың түрлі тәсілдері кездеседі.

«Мәселен, бір азамат Мекке мен Мәдинаға қажылық сапарын ұйымдастыруды ұсыну арқылы тұрғындардан ақша қаражатын алған. Ол азаматтарға сапарды рәсімдеуге, әуе билеттерін сатып алуға және тұру орындарын ұйымдастыруға уәде берген. Алайда қаражатты алғаннан кейін міндеттемелерін орындамаған. Сот үкімімен оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Келесі жағдайда азамат жиһаз жасау және орнату қызметін көрсету туралы келісіп, тапсырыс берушілерден алдын ала төлем алған. Алайда ақшаны алғаннан кейін өз міндеттемелерін орындамай, қаражатты жеке қажеттілігіне пайдаланған. Сот үкімімен кінәлі тұлғаға 10 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді Шаһрирамадан Сұлтан.

Прокуратура азаматтарды интернет кеңістігінде және күнделікті өмірде сақ болуға шақырады.

Бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын беруге болмайды. Сондай-ақ, тым тиімді немесе оңай табыс табуға уәде беретін ұсыныстарға сыни көзқараспен қарау қажет. Еліміздің заңнамасында алаяқтық жасағаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес, алаяқтық жасағаны үшін, ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда, кінәлі тұлғаға мүлікті тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызмет түрлерімен айналысу құқығынан айыру, сондай-ақ он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін, - деп ескертті Нұра ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Шаһрирамадан Сұлтан.​​​