ІІМ рақымшылық жөнінде: Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 620 адам босатылды
Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңның іске асырылуы тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Заң күшіне енген алғашқы күннен бастап барлық аумақтық бөлімшеде жүйелі жұмыс ұйымдастырылды. Біз күн сайын материалдардың уақытылы дайындалуын, олардың сотқа жолдануын және қабылданған сот шешімінің орындалуын бақылауда ұстаймыз.
Бүгінгі таңда соттарға 10 мыңнан астам ұсыныс жолданды. Оның ішінде 4 400-ге жуығын қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері, ал 6 900-ден астамын пробация қызметтері дайындаған», - деді Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев.
Қазіргі таңда соттар мыңнан астам материалды қарап шықты. Нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 620 адам босатылды. Босатылғаннан кейін олар әкімшілік қадағалауда болады. Пробация қызметінің есебінде тұрған 724 азамат та жазасын өтеуден босатылды. Сонымен қатар 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.
«Айта кету керек, қылмыстық рақымшылық автоматты түрде қолданылмайды. Әрбір сотталған бойынша материалдар жеке қаралып, түпкілікті шешімді тек сот қабылдайды», - деді спикер.
Еске салсақ, Бас прокуратура мәліметінше әкімшілік рақымшылық барысында елімізде 1,3 млн әкімшілік іс қысқартылды.