Бес баланың әкесі Мұхтар Шотбаев: Әке болу – үлкен бақыт әрі зор жауапкершілік
«Әкелер күніне» орай әскери зейнеткер, запастағы подполковник, бүгінде жеке кәсіпкер, Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының мүшесі, бес баланың әкесі Мұхтар Шотбаевты әңгімеге тарттық. Ол әке болудың мәні, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік пен қазіргі қоғамдағы әкенің рөлі туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
– Әке болу сіз үшін нені білдіреді?
– Мен бес баланың әкесімін, үш қыз және екі ұл тәрбиелеп отырмын. Менің ойымша, әке болу – үлкен бақыт әрі зор жауапкершілік. Сонымен қатар бұл – құрмет пен сенім. Өкінішке қарай, кейбір адамдар әкелік міндетті тек баланың тамағы мен киімін қамтамасыз етумен шектейді. Ал шын мәнінде әке болу – баламен тығыз қарым-қатынас орнатып, онымен ашық түрде араласу. Баланың құрметіне ие болу үшін соған лайық әке бола білу керек.
– Балаларыңызбен уақытты қалай өткізесіз?
– Бірнеше жыл бұрын балаларымнан: «Әкелеріңнің қандай жақсы қасиеттерін айта аласыңдар?» деп сұрадым. Өзім олардың менің жасаған сыйлықтарымды немесе қамқорлығымды айтар деп ойлағанмын. Бірақ балаларым бірден жауап бере алмады. Сол кезде үлкен қызым: «Әке, Алматыда тұрған кезде аптасына бір рет қай жаққа бет бұрсақ, сол бағытқа қарай таңнан кешке дейін жаяу серуендейтін едік қой. Сол күндер бізге қатты ұнайтын», – деді. Сол сәтте мен бала үшін ең қымбат дүние сыйлық немесе материалдық игілік емес, әкесімен бірге өткізген уақыт екенін түсіндім. Балаға сатып әперген заттар уақытша қуаныш сыйлауы мүмкін, ал бірге өткізілген уақыт оның жүрегінде ұзақ сақталады.
– Қазіргі әкелер қандай қасиеттерге ие болуы керек деп ойлайсыз?
– Бұрын біз балаларымыздың не оқып, не көріп жүргенін жақсы білетінбіз. Қазір ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты жағдай өзгерді. Балалар интернет арқылы түрлі ақпаратқа еркін қол жеткізе алады. Сондықтан қазіргі әкенің міндеті – балаға қажетті ақпаратты өзі айту, оған дұрыс бағыт көрсету, оған үлгі бола білу. «Тәрбиенің ең тиімді түрі – жеке үлгі» деген сөз бар. Баланың қандай адам болып қалыптасуы көбіне ата-ананың іс-әрекетіне байланысты. Баланың қателігі үшін тек оны кінәлауға болмайды. Өйткені ол көбіне көргенін қайталайды, естігенін айтады. Сондықтан біз балаларымызға дұрыс ақпарат беріп, жақсы үлгі көрсетуіміз керек.
– Әке ретінде ең басты қағидаңыз қандай?
– Мен үшін ең маңызды қағида – отбасында белгілі бір тәртіп пен жүйенің болуы. Балалар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінуі қажет. Тек тыйым салумен шектелмей, оның себебін де түсіндіру керек. Қоғамда өзін ұстау мәдениеті, үлкенге құрмет көрсету, табиғатты аялау, жауапкершілік пен тәртіп секілді құндылықтарды бала санасына ерте жастан сіңіру – әр әкенің міндеті. Өйткені тәртіп пен жүйе бар жерде тұрақтылық пен жетістік болады.
– Әкелер күні сіз үшін қандай мереке?
– Бүгінде қоғамда материалдық жетістікке көп мән беріледі. Сондықтан Әкелер күнінің енгізілуі әкенің тек табыс табушы ғана емес, отбасының рухани тірегі екенін көрсетудің маңызды қадамы деп есептеймін. Әкені құрметтеп өскен бала мектепте ұстазын, қоғамда үлкендерді, мемлекеттік институттарды да сыйлай біледі. Сондықтан бұл мереке тек әкелерді ұлықтау ғана емес, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілікті нығайтуға ықпал ететін маңызды бастама.
– Жас әкелерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Әке болуды үйрететін арнайы мектеп жоқ. Әрқайсымыз өмір барысында үйренеміз, қателесеміз, тәжірибе жинаймыз. Бірде қызымнан: «Жақсы әке қандай болуы керек?» деп сұрадым. Сонда ол: «Жақсы отбасында тәрбиеленген адам жақсы әке болады», – деп жауап берді. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Сондықтан жас әкелерге айтарым – алдымен өздеріңізді тәрбиелеңіздер. Әке деген мәртебе кез келген адамға бұйыра бермейді. Баланың өмірге келуіне себепкер болу бір басқа, ал оның махаббаты мен құрметіне ие болу – нағыз әкелік. Ең бастысы – балаңызға уақыт бөліңіз. Өйткені балаға арнаған уақыттың қайтарымы міндетті түрде болады. Ол – болашақтағы сенім, құрмет және шынайы махаббат.
- Сұхбатыңызға рахмет!