Тимур Турлов: Халықаралық шахмат федерациясының президенті ретінде спортты алға жылжытқым келеді
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Өзбекстанның Самарқанд қаласында басталған 46-шы шахмат Олимпиадасының ашылу салтанатына қатысты. Енді ол 26 қыркүйек күні өтетін Конгресс жиылысында Халықаралық шахмат федерациясының сайлауына түседі. Осы орайда Elordainfo.kz. тілшісі Тимур Турловпен тілдесіп, қауымдастық басшылығына үміткер ретіндегі жоспары мен елдегі шахмат саласының болашағы жөнінде пікірін білді.
- Шахматтан 46-шы Олимпиадаға келуіңізбен. Қандай әсердесіз?
- Қазақстан шахмат федерациясының президенті ретінде мұнда жай ғана делегат болып отырған жоқпын. Сонымен қатар ФИДЕ президенттігіне кандидат ретінде келдім. Өздеріңіз білетіндей, 26 қыркүйек күні мен және Freestyle Chess компаниясының негізін қалаушы 62 жастағы Ян Хенрик Бюттнер, WR Chess негізін қалаушы 35 жастағы Вадим Розенштейн арасында Халықаралық шахмат федерациясының жаңа президенті анықталады. Ал шахмат Олимпиадасына келсек, Самарқандқа рекордтық 400 команда (ерлер – 208, әйелдер - 192) қатысып жатыр.
- Олимпиаданың ұйымдастырылуы қалай? Өзбекстан сізді қалай қарсы алды? ФИДЕ президенттігіне кандидат болуға не себеп болды?
- Шілде айында ФИДЕ президенті лауазымы үшін күресуге шешім қабылдадым. Өйткені халықаралық және ұлттық федерацияларды басқаруда тәжірибем жеткілікті. Менде нақты жоспар, оны жүзеге асыра алатын команда және қажетті ресурстар бар.
Командамызбен және бүкіл шахмат қауымдастығымен бірге шахматты алға жылжыту үшін шешуші қадам жасай аламыз деп ойлаймын. Негізгі мақсатым - әлемдік шахматтың дамуына нақты үлес қосу. Мен үшін үлкен сынақ болғалы тұр. Шахматтың мүлде басқа траекториямен дами алатынын көрсеткім келеді.
- Сіз президент болсаңыз, шахмат әлемі сезіне алатын негізгі өзгеріс қандай болмақ?
- Біздің негізгі бағыттымыздың бірі - цифрландыру. Ұлттық федерациялардан бастап ФИДЕ-ге дейін CRM жүйесін енгізіп, толыққанды цифрлық платформа құруды көздеп отырмыз. Осы қадам ФИДЕ-ні заманауи цифрлық ортаға жақындатып, цифрлық өсімнің мүмкіндігін шахматқа пайдалануға мүмкіндік береді.
Екінші бағыт - даму қорын ұлғайту. Мен оны бес есе арттыруды жоспарлап отырмын. Бұл дамушы федерацияларға өз әлеуетін іске асыруға және көптеген жас таланттарды ашуға мүмкіндік береді. Осы екі бастама шахматтың дамуына үлкен серпін бере алады деп ойлаймын.
- Қазіргі таңда шахматтағы басты мәселе қандай? Оны қалай шешуге болады?
- Шахматтың ықпалы, дәстүрі және беделі жоғары. Егер осы мүмкіндіктерге дұрыс жобалық басқару мен қаржылық ресурстарды қоссақ, жоспарлау жүйесін жақсартып, жарыстар күнтізбесін нақтылап, тиімді жүйе құра аламыз.
Негізгі мәселелердің бірі - трансляция. Кәсіби шахмат трансляцияларын кең аудитория үшін әлдеқайда жарқын, қызықты әрі эмоциялық тұрғыда тартымды етуіміз керек. Қарапайым көрерменге тақта үстінде болып жатқан ойынның сұлулығын түсіндіре білу маңызды.
Заманауи технологияларды пайдалана отырып, шахматты қалың көрерменге барынша қолжетімді етуіміз керек. Нәтижесінде ойынның коммерциялық әлеуеті де артады.
- Бәсекелес кандидаттарыңыз туралы не айта аласыз?
- Қазір менің екі оппонентім бар. Сайлаудың бәсекелі өтіп жатқанына қуаныштымын. Кандидаттардың делегаттармен танысып, пікір алмасып, белсенді жұмыс істеуі жақсы үрдіс.
Менің ойымша, алдағы сайлау бізді бір-бірімізден алыстатпай, керісінше біріктіруі керек. Себебі, әлемдік шахматты дамытуға атсалысатын адамдар көп емес. Сондықтан бәріміз бірге жұмыс істеуіміз қажет. Науқан кезінде қандай да бір пікір қайшылығы болса да, сайлаудан кейінгі ортақ мақсатымыз -шахматты алға жылжыту үшін, бірге жұмыс істей алсақ екен деп тілеймін.
- Олимпиадаға қатысып жатқан командалар арасында фаворитіңіз бар ма?
- Әрине, Қазақстан. Ерлер құрамасы қазір фаворит емес екенін түсінемін. Дегенмен, өз командамызға жанкүйер боламыз. Ал әйелдер шахматында Қазақстан құрамасы өте мықты. 2024 жылы аруларымыз Мажарстанда тарихи күміс жүлдеге қол жеткізген. Қазір әлемдік рейтингте 4-орында тұр. Олар бұл Олимпиадада жоғары нәтиже үшін күресе алады деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет!