Қазақстан ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуға басымдық беріп отыр

Қазақстан ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуға басымдық беріп отыр
Фото: ЖИ

Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыру, заманауи агротехнологияларды енгізу және аграрлық өндірістің климат өзгерістеріне төзімділігін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Негізгі іс-шара Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген 2024–2028 жылдарға арналған жол картасында көзделген.

Басым бағыттың бірі – жоғары табысты дақылдардың үлесін арттыру арқылы егіс алқаптарының құрылымын одан әрі әртараптандыру. Бұл тәсіл ауыл шаруашылығы жерін пайдаланудың экономикалық тиімділігін арттырып, өндірістің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Тұқым материалының сапасына ерекше назар аударылады. Биыл элиталық тұқымның үлесі жоспарланған 11,6%-дан асып, 12%-ға жетті. Бұл көрсеткішті одан әрі арттыру дақылдардың өнімділігі мен қолайсыз жағдайларға төзімділігін көтерудің маңызды факторларының бірі ретінде қарастырылады.

Тағы бір маңызды міндет – минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін ұлғайту. Биыл аграршылар 2,2 млн тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 66%-ын құрайды. Тыңайтқыштарды қолдану көлемін одан әрі арттыру егіншілік тиімділігін көтеріп, ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары да жалғасады. Биыл техниканы жаңарту деңгейі 7%-ға жетті, ал жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 8%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы кеңейтіледі. Бұл климаттың өзгеруі және су ресурстарына түсетін жүктеменің артуы жағдайында ерекше өзекті.

Аталған шараларды кешенді іске асыру егіншіліктің өнімділігі жоғары әрі технологиялық тұрғыдан дамыған моделіне көшуге бағытталған. Басты мақсат – әр гектардан алынатын өнім көлемін тұрақты арттыру, өнімнің өзіндік құнын төмендету және қазақстандық ауыл шаруашылығының ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін нығайту.

Еске сала кетсек, Астана әуежайына Аустралиядан бір мың қой ұшақпен жеткізілді.