Астанада көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрт жедел сөндірілді
18 наурызға қараған түні елордадағы «Алматы» ауданындағы Айнакөл көшесінде орналасқан 9 қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабар түсті. Бұл туралы Elordainfo.kz қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер лафет оқпанының көмегімен тілсіз жаудың таралуына жол бермей, небәрі 10 минут ішінде өртті сөндірді. Жалын шарпыған аумақ 9 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі көпқабатты үйлердегі балкон өрттерінің негізгі себептері отты абайсыз пайдалану және жоғары қабаттардан тасталған сөндірілмеген темекі тұқылдары екенін ескертеді.
Мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Бұған дейін елордада монша кешенінде өрт шыққанын жаздық.