Астана боксшылары Түркістан облысында дауыс берді

Астана боксшылары Түркістан облысында дауыс берді
Фото: Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Түркістан облысында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны кезінде Астана қаласының боксшылары өз таңдауын жасап, дауыс берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай мен оның сыңары, ауыр салмақта өнер көрсететін бокстан әлем чемпионы Айбек Оралбай, сондай-ақ олардың жеке бапкері Асқар Еркебаев пен Қазақстан ерлер бокс құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов Түркістан облысы Леңгір қаласына қарасты Қарабастау ауылында орналасқан дауыс беру учаскесінде өз таңдауын жасады.

Еске сала кетейік, жуырда ғана Айбек Оралбай «Үздік боксшы» атанған болатын. Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында бұл маңызды күнге қатысты пікір білдірді.

«Конституция – ел дамуының негізгі бағытын айқындайтын, қоғамдағы әділдік пен теңдіктің кепілі болатын басты құжат. Біздің таңдауымыз – Қазақстанның ертеңі», - деп жазды ол.

Еске сала кетсек, Астанада сайлау учаскесін қалай анықтауға болатынын хабарладық.