Вандализм бойынша оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді
Елорданың №75 мектеп-гимназиясында оқушылар мен қызметкерлерге қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу шаралары туралы айтылды, деп хабарлады Elorda.info қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Кездесуге қатысушылар елордадағы вандализм фактілерін, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары мен жазаларын талқылады. Мұнда Есіл ауданы полиция басқармасының, «Болашаққа қадам» қоғамдық қорының өкілдері және 2023 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рамис Дінмұхаметов сөз сөйледі.
Кеше ғана елорданың 18 жастағы тұрғыны жылы аялдаманың әйнегін сындырғаны туралы ақпарат шықты. Мұндай іс-әрекеттер қазіргі қоғамда орынсыз, азаматтардың өміріне қолайлы жағдай жасауға арналған нысандарды бұзуға, бүлдіруге болмайды. Есіл ауданы әкімінің аппараты вандалдардан ШАФ-ты (шағын архитектуралық форма), аялдамаларды, саябақтарды, гүлзарларды, көпір асты кеңістіктерін абаттандыру арқылы қалпына келтіру мақсатында тұрақты негізде рейдтер, тексерулер жүргізеді. Кез келген вандализм әрекеті Астанамыздың келбетін бұзып, ыңғайсыздық тудырады. Ауданымыздың ең жас және белсенді тұрғындары ретінде осындай заңсыз әрекеттерден аулақ болғандарыңыз жөн, - деді Есіл ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Балым Адамиденова.
Мұндай кездесулер қаладағы барлық мектепте өтеді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қала тұрғындары қолдау білдірген «Тоқта, вандал» акциясы жұмыс істейді.
Акция аясында қала бойынша күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі, халық арасында қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмысы жүргізіледі.