Астаналық жұмысшылар заманауи медициналық өнім шығаруға үлес қосып жатыр

Бүгін, 11:26
Торғын Аман Торғын Аман
Астаналық жұмысшылар заманауи медициналық өнім шығаруға үлес қосып жатыр
фото: Астана қаласы әкімдігі

Әрбір өнеркәсіп пен кәсіпорын, ондағы мыңдаған мамандар күнделікті жұмысы арқылы ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып жатыр. Өндіріс циклінің үздіксіз жүруін тікелей қамтамасыз ететін - жұмысшы мамандық иелері. Солардың бірі - Астанадағы медициналық құрал-жабдықтар шығаратын заманауи фармацевтикалық кешенде жұмыс істейтін елорда тұрғыны Гүлжан Мұсабаева.

Гүлжан Мұсабаева «Eira Med» ЖШС-де 3 жылдан бері жұмыс істеп жүр. Зауытқа осында істейтін танысының шақыруымен келген. Жайлы әрі жалақысы уақытында төленетін кәсіпорында бос жұмыс орны бар екенін естіген соң, бірден ұсынысты қабыл алыпты.

Қан құятын, дайындайтын және бөлетін құтылар мен өзге де медициналық жабдықтар шығаратын зауытта қазір 160-қа жуық маман қызмет етеді. Бұрын донорлық салада қолданылатын контейнерлер шетелден әкелінсе, енді оны астаналық жұмысшылар шығарып, құрастырып жүр.

«Маған өзімнің жұмысым қатты ұнайды. Жұмысымды бағалаймын. Мұнда қан орталығының донорларына арналған жабдықтар, атап айтқанда стерильді контейнерлер құрастырумен айналысамын. 3 жылдан бері осы жерде еңбек етемін, ұжымым да жақсы, ауызбіршілігіміз бар. Мұнда ауысымдық жұмыс, яғни бір апта бойы жұмыс істеген соң, екінші ауысымдағы әріптестеріміз әрі қарай жалғастырады», - деді ол.

Гүлжан Мұсабаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағанын жылы қабылдаған, себебі еңбек адамдарының қоғамдағы орны өз деңгейінде бағалануы керек деп санайды.

Естеріңізге саламыз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын. Соған сәйкес республикалық және өңірлік деңгейде көптеген шаралар қолға алынып, кешенді жоспар жасалды. Оны іске асыру арқылы жұмысшы мамандықтарын даярлаумен айналысатын кәсіптік білім беру жүйесінен бастап еңбекпен қамтуға дейінгі салаларға реформа жасалады.