Мектептің материалдық базасы соңғы үлгіде жасақталған – директор

30 қаңтар, 2025
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Мектептің материалдық базасы соңғы үлгіде жасақталған – директор
Фото: Оңалхан Өнерхан

Президенттің бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асып жатыр. Ол апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектеп мәселесін шешуге бағытталған. 2024-2025 жылдар аралығында елордада жаңа форматта 24 мектеп салынады. Олардың 16-сы – дайын. «Бұл мектеп несімен жайлы?», «Оқушыларға қандай жағдай жасалған?» - осы және өзге де маңызды сұрақтардың жауабын білу үшін Elordainfo.kz тілшісі қаладағы №105 орта мектепке барып қайтты.

Былтыр қыркүйек айында ашылған мектеп Көктал шағын ауданында орналасқан. 5 қабатты білім ордасын 34 жастағы Мейірім Ашуұлы басқарады. Аумағы 5 гектарды құрайтын мектептің жалпы сыйымдылығы  –  2 мың оқушы. Қазіргі кезде мұнда 1 650 оқушы білім алып жатыр.

«Жаңа мектепте 100-ден астам педагог сабақ  береді. Олардың қатарында  жас мамандар да бар», - деді директор.

Жылы түстер үйлесім тапқан қабырғаларда Қазақстан картасы ағаштан ойылып жасалған.

Бір ерекшелігі - бірінші  қабатта ілінген  LED экранда әр сыныптың сабақ кестесі және туған күн иелерінің суреттері мен аты-жөні  көрсетілген.

«Мектептің материалдық базасы соңғы үлгіде жасақталған. Мұнда мұғалімдер мен оқушыларға барлық жағдай бар. Мәселен, әр оқушының жеке шкафы, әр ұстаздың жеке кабинеті, компьютері, сабақты өткізуге қажетті құрал-жабдықтары бар. Сондай-ақ мұнда 4 спорт залы бар. Оның екеуі бастауыш сыныптарға, ал қалғаны жоғары сынып оқушыларына арналған», - деді мектеп директоры.

Бұл – бір ауысымды мектеп. Сондықтан оқушылар түстен кейін ұнатқан үйірмелерге барып, уақытын пайдалы әрі қызықты өткізеді. 

Директордың айтуынша, мектепте қауіпсіздік күшейтілген.

«Мектебіміз барынша қауіпсіздендірілген. Мұнда ұстаздар мен оқушылар  Face ID арқылы кіреді. Сондай-ақ білім ошағында бейнебақылау камералары орнатылған.  Балалардың қауіпсіз ортада білім алуына, психологиялық қысымға ұшырамай, еркін жүруіне барлық мүмкіндік жасалған», - деді басшы.

Білім ордасының басты ерекшелігі – инклюзивті оқушыларға арналған жедел сатының болуы.

«Инклюзия кабинеті жұмыс істейді. Бүгінгі таңда мектепте ерекше білімді қажет ететін 6 оқушы бар. Олармен арнайы бағдарлама бойынша логопед, дефектолог мамандар жұмыс істейді», - деді ол.

Әрбір сынып озық технологиямен, оқу құралдарымен жабдықталыпты. 420 адамға арналған рәсім залы мерекелік кештер мен жиындарды өткізуге мүмкіндік береді.

«Одан бөлек мұнда оқушыларға соңғы шыққан мультфильмдер көрсетіледі. Бұл сабақтан тыс уақытта ұйымдастырылады», - деді М.Ашуұлы.

Асханада бір мезетте 400 жеткіншек тамақтана алады.

«Мектепте  оқушылардан құралған өзін-өзі басқару ұйымы бар. Олар әр мерекеге орай білім ошағын безендіреді», - деді директор.

Бір байқағанымыз - құрылыс барысында мектеп дәліздері мен баспалдақтарының кең әрі жарық болуына аса мән берілген.

Ғимаратта хореография залы, оқушыларға арналған тігін машиналары, 3D форматындағы түрлі құрылғы бар. Жеткіншектердің техникаға құштарлығын арттыру үшін робототехника, информатика кабинеттері, STEM зертханасы жабдықталған.

 Заманауи стильде жасақталған  кітапханада қазіргі кезде әзірге 10 мыңға жуық кітап қоры бар. Кітапхана сөрелері жыл сайын жаңа кітаптармен толығып тұрады. Директордың айтуынша, мұнда тегін  wi-fi мен ноутбуктер  бар. Сондықтан оқушылар кез келген уақытта келіп, жұмыстарын істей алады.

Сондай-ақ оқушылардың кітапқа қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі әдеби іс-шаралар өткізіліп тұрады.