Астанада ұлт қайраткері Мұстафа Шоқайға арналған халықаралық конференция өтті

Астанада ұлт қайраткері Мұстафа Шоқайға арналған халықаралық конференция өтті
Фото: «Астана дарыны» орталығынан

Астанадағы Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясында «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының перзенті» атты ІІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Конференцияны Астана қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы Мұстафа Шоқай ғылыми орталығымен бірлесе ұйымдастырды.

Іс-шараға Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара, мемлекет қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл, қоғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, алаштанушы ғалымдар Заңғар Кәрімхан, Нұрсұлтан Сабыржан, Данияр Ихсан және Мұстафа Шоқайдың ұрпақтары, ұстаздар қауымы, жас мұстафанушы оқушылар қатысты. 

«Алаш қайраткерлерінің арасында Еуропаға эмиграцияға кеткен жалғыз тұлға Мұстафа Шоқай өмірі күрделі бұралаң жолымен, қызық та қым-қуыт қырларымен ерекшеленеді.

Алаш көсемінің адал ізбасары бола білген жас Мұстафа алашшылдығымен, ұлтшылдығымен және түрікшілдігімен айрықша көзге түседі. Ол исі қазақ ғана емес, мұқым түрік-мұсылман жұртына сөйлер жерде шешен, іскер жерде көсем болып танылды. Оның асыл ойларында үш Түркістанның мақсаты мен мүддесі, тарихы мен тағдыры, келешегі мен кемелдігі тұнып тұр», - деді алаштанушы ғалым Заңғар Кәрімхан. 

Конференция жұмысы «Фотосуреттегі өмір» атты еш жерде жарияланбаған Мұстафа Шоқай мен Мария Шоқайдың жанұялық мұрағатынан алынған фотосуреттерді таныстырудан басталды.

Сондай-ақ Мұстафа Шоқай атындағы мектеп музейінде театрландырылған қойылым қойылды. Одан әрі «Мұстафа Шоқай заманы және қазіргі тәуелсіздік» атты әдеби көрініспен жалғасты.