Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанын елорда әуежайынан шығарып салды

Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанын елорда әуежайынан шығарып салды
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапары аяқталған Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты елорда әуежайынан шығарып салды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оман Сұлтанының Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Оман Сұлтандығы Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сонымен қатар екі ел арасында бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды.

Мемлекеттік сапар барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

Сондай-ақ екі елдің басшылары Астана халықаралық қаржы орталығына барып, қазақ-оман бизнес форумына қатысты. Форумда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ықпалдастық мәселелері сөз болды.

Осылайша, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың Қазақстанға мемлекеттік сапары аяқталды.