Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанымен шағын құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанымен шағын құрамда келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Оман Сұлтанының Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарының тарихи мәні бар екенін атап өтті.

– Аса мәртебелі Сұлтан, елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Сізді қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Мұның тарихи мәні ерекше екеніне сенімдімін. Өйткені бұл елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жандандырып, жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Бұған дейін атап өткендей, өзара ықпалдастықтың әлеуеті мол. Мұны толығымен іске асыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Оманның сенімді серіктеске айналуы үшін барынша күш салатынын жеткізді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы екі ел арасындағы туристік байланысты дамыту және қосымша тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесіне тоқталды.

– Қазақстандықтар еліңізге ерекше құрметпен қарайды. Оманға саяхаттап барған азаматтарымыздың қатары қалың. Алайда Маскатты, Оманның басқа да қалаларын көрмеген отандастарымыз бар. Елдеріміз арасында қосымша тікелей коммерциялық әуе рейстері ашылса, барыс-келіс әлдеқайда жандана түсері сөзсіз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында Доңға мұнай кен орнына қатысты маңызды келісімге қол қойылғанын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл екі тараптың өзара қарым-қатынасты одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін көрсетеді.

Өз кезегінде Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, кейінгі отыз жылдан астам уақыт ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай нығайғанын жеткізді.

– Бүгінгі кездесуіміз қол жеткізілген нәтижелерді бекемдеп, екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтереді. Сапар аясында өзара түсіністік жөніндегі бірқатар келісім мен меморандумға қол қоямыз. Сіздің қолдауыңызбен экономика, саяси және мәдени-гуманитарлық салаларда берік байланыс орнатамыз деп сенемін. Біз екі ел арасындағы барыс-келістің артуына мүдделіміз, – деді Оман Сұлтаны.

Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевпен жақын арада Маскат қаласында жүздесуге ниетті екенін де айтты.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік сарайында Оман Сұлтанын қарсы алғанын хабарлаған едік.