Мемлекеттік сатып алу жүйесі жаңарады: 2027 жылы не өзгереді

Мемлекеттік сатып алу жүйесі жаңарады: 2027 жылы не өзгереді
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде адам факторын азайту мақсатында рейтингтік-балдық жүйені қолдану аясы кеңейтіледі. Бұл тәсілде конкурс жеңімпазын веб-портал автоматты түрде анықтайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу заңнамасы департаменті директорының орынбасары Мейрамбек Танжариковтың айтуынша, жүйе жеңімпазды анықтау кезінде әлеуетті мердігердің бұрын орындаған жұмыстарын, төлеген салықтарын және орналасқан өңірін ескереді.

«Рейтингтік-балдық жүйенің басты ерекшелігі – адам факторының болмауы. Жеңімпазды веб-портал автоматты түрде айқындайды. Бұл ретте мердігердің бұрын атқарған жұмыстары, төлеген салықтары және қай өңірде орналасқаны ескеріледі», – деді Мейрамбек Танжариков.

2027 жылдан бастап рейтингтік-балдық жүйе қолданылатын сатып алулар қатарына құрылыс-монтаждау және инжинирингтік қызметтермен, жобалау жұмыстарымен қатар автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары да қосылады. Бұл тетікті квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына да енгізу жоспарланған.

Қазір республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша мердігерлер рейтингтік-балдық жүйе арқылы анықталып жатыр.

Мемлекеттік сатып алуда отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктері де кеңейтілмек. Құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде отандық өнімдердің үлесі жоғары болған жағдайда мердігерге қосымша балл беру көзделіп отыр.

«Құрылыс-монтаждау жұмыстарының шеңберінде ішкі құндылықтың үлесі неғұрлым жоғары болса, сол мердігерге қосымша балдар беріледі. Сонымен қатар құрылыс кезінде қолданылатын тауарларды электрондық сауда алаңдары арқылы сатып алу жоспарланып отыр», – деді ол.

Бұдан бөлек, әлемдік тәжірибеде EPC әдісі ретінде белгілі «толық бітіліп берілетін құрылыс» бойынша сатып алу тәсілі жетілдіріледі. Қазір мұндай конкурстар мемлекеттік сатып алу веб-порталында өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта құқық қолдану тәжірибесі ескеріліп, конкурс талаптары қайта қаралады.

Бұл тетікті де квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алу жүйесіне енгізу жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін нотариат туралы заңнамадағы өзгерістер туралы хабарлаған едік.